Spotlight Digital Challenge аясындағы білім беру интенсивінің қорытындылары

2022 ж. 4 April

26-27 наурызда Spotlight Digital Challenge қатысушылары үшін білім беру интенсиві өтті. Олармен гендерлік кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Орталық Азия өңіріндегі белгілі мамандар өз білімдерімен бөлісті. Жас адамдар – интенсивке қатысушылар қоғамдастықтар мен елдердің тұрақты дамуы үшін гендерлік теңдіктің сыни маңыздылығын растайтын фактілер мен дәлелдер туралы білді. Олар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жеке, әлеуметтік және экономикалық шығындары және гендерлік зорлық-зомбылық деректеріндегі олқылықтар туралы хабардар болды.

Білім беру интенсивінің бірінші күні қатысушылар үшін проблемаға үңілу күні болды. Іс-шараны аша отырып, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш гендерлік теңдікке қол жеткізу мемлекеттің, азаматтық қоғам мен бизнес ұйымдарының бірлескен іс-қимылын талап етсе де, ең алдымен әйелдер мен ерлердің рөлі туралы қалыптасқан түсініктерді өзгертуге деген үміт жастармен байланысты екеніні атап өтті: «Бұл прогреске, жаңа және технологиялық барлық нәрсеге деген ұмтылысы бар жастар, адамзат жартысының жеке және қоғамдық өміріндегі рөлі мен жағдайын төмендететін стереотиптерді бұзуға қабілетті».

Technovation Girls Turkmenistan өңірлік амбассадоры Марал Худайбергенова өзінің белсенді ұстанымымен бөлісті: «Хакатондар – бұл өз дағдыларын «шыңдау» және пікірлестерді табу мүмкіндігі ғана емес. Бұл өз қоғамдастығындағы әр азаматтың басқаларға көмектесу үшін тәжірибе немесе идеямен бөлісу міндеті».

«Қорғау-Астана» жеке қорының төрағасы Анна Рыль өз үндеуінде Қор қызметкерлерінің көмекке мұқтаждарды оқыту, қорғау және қолдау бойынша күнделікті күш-жігеріне баса назар аударды. Ол әлеуметтік желілерде көмек сұратылған кезде адамдар ден қойып, қайта бағыттай бастағанын жақсы тенденция ретінде атап өтті. Бірақ көбінесе жағдайды жіті білмейтін адамдарға зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін Интернет арқылы көмек сұрау ғана қалған кезде шегіне жеткізген оқиғаларды түсіну және сезіну қиын.

Білім беру интенсиві аясында пайдаланушыға барынша назар аударуды қалай қамтамасыз ету, дайын болжамдардан аулақ болу және айқын емес шешімдерді табу жөніндегі мәселелер көтерілді. Іс-шарада мысал ретінде «Гүлзира жолы» - жағдайы тұрақсыз ауданда тұратын, үйінде құқық қорғау органдарының өкілдері орналасқан, қызын атыс болып жатқан көшелер арқылы мектепке апару қажет әйелдің күнделікті тәжірибесі қарастырылды. Бұл әйелге қандай көмек пен қолдау қажет екенін түсіну үшін «оның аяқ киімін киіп» дегендей, қадам-қадамнан өтіп, оның қандай қауіп-қатерге душар болғанын түсіну керек. «Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге бағытталған кез келген қызмет қауіпсіз болуға, бастан кешкен зорлық-зомбылықтан қалпына келтіруге, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесуі тиіс. Сонымен бірге зардап шеккендердің өздерімен ғана емес, зорлық-зомбылық кінәлілерімен, қоршаған қоғамдастықпен де жұмыс істеу қажет», - деп санайды Қырғыз-Ресей Славян университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Гулсара Алиева.

Өзбекстандағы «Не молчи.uz» жобасының және  басқа да жобалардың гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ағартушылық рөлі мен қалыптасуы туралы Ирина Матвиенко баяндап берді. Зорлық-зомбылықтың экономикалық және жеке шығындары мен олардың әйелдерге әсері арасындағы байланыс туралы айта отырып, Ирина «...ол білімге көп уақыт пен күш жұмсай алмайды. Ол мұндай жағдайларға (зорлық-зомбылыққа) тап болмайтындар сияқты өзінің біліктілігі мен кәсіби өсуі бойынша жұмыс істей алмайды. Нәтижесінде оған жұмыс табу қиынға соғады». Осылайша, зорлық-зомбылық кедейлікті жеке деңгейде ғана емес, жалпы қоғамда да тудырады.

Интенсив сондай-ақ гендерлік теңдік және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері мәселелерін талқылаудың тұғырнамасына айналды. Марина Ментусова, «Gender Equality Management» компаниясының негізін тең қалаушы және жетекшісі, бизнес тұрғысынан гендерлік теңсіздік туралы жоғалған мүмкіндік ретінде айтты. Ол сондай-ақ ғылым мен техника тоғысындағы гендерлік теңсіздік мысалдары туралы айтып берді, сондай-ақ бірінші кезекте пайда табудың орнына, әлеуметтік мәселені шешуді мақсат еткен стартаптардың сәтті фемтех кейстерін ұсынды. Маринаның айтуынша: «Маңызды қағида бар: біз үшін бізсіз ештеңе жоқ. Егер сіз әйелдерге көмектесуге бағытталған жоба стратегиясын жасасаңыз, әйелдердің үніне шынымен құлақ асыңыз».

Іс-шарада цифрлық технологиялардың дамуымен туындаған зорлық-зомбылықтың жаңа түрлері және зорлық-зомбылықпен күресу үшін ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері туралы мәселелер көтерілді. Осылайша білім беру интенсивінің бірінші күні аяқталды.

Екінші күні қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы статистика жинау мәселесімен айналысты. «Жарық алгоритмі» жобасын құрушы Александра Граф пен Светлана Жучкова тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша деректердегі олқылықтарды толтыру үшін жасанды интеллекттің мүмкіндіктері туралы айтты. Өз жобасының мысалында олар қатысушыларға зорлық-зомбылық фактілері бойынша үкімдердің жалпы ағымында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы істерді анықтауға қабілетті алгоритмді оқыту үшін мәтінді автоматтандырылған талдау мүмкіндіктерін қалай қолданғандарын айтып берді.

Қатысушылар хакатондарға қатысқан Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның жас новаторларымен сөйлесе алды және пікірлестер тобын жинап, басқаларға көмектесу үшін шешімдер әзірледі. «Жарық алгоритмінен» басқа «Бурулай», «ClickHelp Bot» жобалары, «Safe YOU» платформасы, «Call Umida» ұсынылды.

***

Spotlight Digital Challenge іс-шарасын Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған «Жарық сәулесі» бастамасының өңірлік бағдарламасы ұйымдастырды. Оның шарықтау шегі 2022 жылғы 1-3 сәуірде өтетін «ИТ зорлық-зомбылыққа қарсы» онлайн-конкурсы болады. Оған әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте цифрлық технологияларды пайдалана отырып, өздерінің инновациялық шешімдерін ойластырып, ұсынатын Орталық Азия елдерінің жас азаматтары қатысады. Іс-шара туралы толығырақ ақпаратты Spotlight Digital Challenge https://spotlightdigital.org/  сайтынан табуға болады.