Ақпараттық-коммуникациялық қызмет саласында табысты мансап жолын қалыптастырған қыздар өз мысалымен шабыттандырады

2021 ж. 21 April

 

 

Әлемде әйелдер мен қыздардың тек 30%-ы ғана STEM-ге байланысты білім салаларын таңдайды (жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика). Сонымен қатар, олардың тек 3% -ы ғана ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласын қалайды.

Қазақстанда АКТ мамандықтарында оқитын қыздардың үлесі 32% құрайды, ал еңбек нарығында әйелдер көбінесе білім және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді (70% -дан астам).

Қоғамда қалыптасып қалған гендерлік стереотиптер мен тұрақты ұстанымдар қыздардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын тежейді. Сондай-ақ,  осы бағыттарда, яғни технологиялық және ғылыми салаларда өзінің табысты мансабымен үлгі бола алатын   көшбасшы әйелдердің аз  болуы да өз орасан орнын алуда.

Жыл сайын сәуірдің төртінші бейсенбісінде атап өтілетін АКТ саласындағы Халықаралық қыздар күнінің алдында біз технология саласында жетістікке жеткен үш қазақстандық арумен сөйлесуді жөн деп көрдік.  Олар АКТ саласында мансап жолын армандайтын, бірақ белгілі бір наным-сенімдер немесе стереотиптерге байланысты қадам жасауға батылы жетпей жүрген  көптеген қыздар мен әйелдер үшін үлгі болады деп үміттенеміз.

Назерке Айбар, серіктестермен жұмыс жасау менеджері, Facebook

Менің ойымша,  қыздардың технология саласында мансапты қарастыру қажеттілігінің  бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұл сала  жеке тұрғыдан және кәсіби өсуге мүмкіндіктер ашады. Болашақта әлемді технологиясыз елестету қиын, ал АКТ саласындағы мамандықтар жұмысқа орналасуға және лайықты табыс табуға тамаша мүмкіндіктер ұсынады. Сонымен қатар, STEM саласында  қыздар санының өсуі қоғамдағы гендерлік теңсіздікті төмендетуге ықпал етеді.

Бүгінгі күні үкімет қабылдаған көптеген бастамаларға қарамастан, қыздардың АКТ секторына қатысуы үшін әлі де айтарлықтай кедергілер баршылық. Менің ойымша,  қалыптасып қалған гендерлік стереотиптер мен әлеуметтік рөлдер басты кедергілердің бірі болып табылады.

 

Назеркенің ойынша, қалыптасып қалған гендерлік стереотиптер мен әлеуметтік рөлдер қыздардың АКТ секторына қатысуына басты кедергілердің бірі болып табылады.

 

Басқа тосқауылдарды атап өтсек, білім беру инфрақұрылымына салынған инвестициялардың салыстырмалы түрде аздығы және ғылыми жолды таңдаған мамандарға көрсетілетін қолдаудың жеткіліксіздігіне байланысты.

Алайда, қазіргі кезде ғаламдық еңбек нарығы мен білім беру ғаламтордың арқасында бұрын-соңды болмағандай өте қол жетімді, ең бастысы - өзіңізге сену, нақты мақсаттар қоя білу және оларға жетуге күнделікті қадам жасау. Егер сіз осы қағидаларды ұстанатын болсаңыз, бәрі ойдағыдай болатынына сенімдімін!

 

 

 

Дамелі Мектепбаева, Назарбаев Университеті, биотехнолог, Инновациялық экожүйені дамыту департаменті

Қыздарды ғылым саласына тартудың негізгі ынталандырушы факторларының бірі -   осы салада жетістікке жеткен басқа арулардың болуы, олардың үлгісі болып табылады және осындай көрініс олардың да аталмыш жолды жүріп өте алатындығына үлкен сенім ұялататыны сөзсіз. Жалпы, ғылымдағы гендерлік теңдіктің орын алуы бәріне де пайдалы. Зерттеулер көрсеткендей, гендерлік теңгерімі сақталған ұжымдар инновациялық шешімдер немесе өнімдер шығаруға көбірек бейім болып келеді. Оған қоса, әйелдер халқымыздың жарты бөлігін құрайтынын ұмытпаған жөн. STEM саласын қол жетімді ету және осы бағытты таңдаған қыздарға қолдау көрсету арқылы біз барлығына пайдалы болатын миллиондаған жаңа идеялар мен жобаларға жол ашамыз.

 

Дамелі Мектепбаева қыздарды ғылым саласына тартудың негізгі ынталандырушы факторларының бірі - осы салада жетістікке жеткен басқа арулардың болуы деп санайды.

 

Өкінішке орай,  бұл салада кедергілер  бар. Көбінесе, әйелдің стратегиялық ойлау қабілетінің болмауы және көшбасшы бола алмауы секілді стереотиптік пікірлер. Менің қыздар арасында жүргізген сауалнамаларым бұл ойлардың орта мектептің өзінде қалыптасатындығын  растайды. Міне, сондықтан, қоғамда  басқаларды ынталандыруға және жетекшілік етуге қабілетті қыздардың үлгі-өнеге болу маңыздылығы бағасыз болып табылады.

Менің жеке мотивациям  - менің отбасым. Анам - нағыз жаңашыл, инноватор, үнемі білім алуға және үйренуге дайын жан. Мен Америкаға оқуға кеткенімде, ол өздігінен компьютерді қолдануды үйренді, маған үйдегі сүйікті тағамдарының рецепттерін пошта арқылы жіберіп отырды, тіпті менімен  сөйлесу үшін Skype-ты қалай қолдануды да үйреніп алды. Ол өзінің мысалымен кез-келген идеяны жүзеге асыруға болатындығын  және қорқатын ештеңе жоқ екендігін дәлелдеді. Менің осындай қолқабысымның бар болғанына өте ризамын. Алайда, барлық қыздардың  ондай қолдаушы адамы  бола бермейтінін түсініп, өткен жылы мен аруларға қолдау көрсететін қоғамдастық құруды мақсат еткен Sisterhood жобасын бастадым. Мұндай қоғамдастықтар бір кездері білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі болады және миллиондаған қыздардың өзін ғылымда немесе технологияларда жүзеге асыруына  көмектеседі деп үміттенемін.

Ғылым оңай емес, бірақ әрқашан өте қызықты. Ғылым жолына түскеннен кейін одан әрі қызығушылығың арта түседі және сіз неғұрлым көп білген сайын, соғұрлым көбірек білгіңіз келеді де тұрады. Техникалық мамандық бойынша оқу - сіздің күшіңіз бен эмоцияларыңызды қажет етеді, бірақ бұл мың есе қайтарым беретіні сөзсіз. Сіз өзіңіздің біліміңізді өмірдің әр түрлі салаларында қолдана аласыз және өзіңіз қалаған жерде жұмыс жасай аласыз. Сол себепті, менің басты кеңесім - қорықпаңыз, батыл болыңыз, жобалар ойлап табыңыз, айналаңыздағы әлемді жақсы жаққа өзгертіңіз. Мен Қазақстанның қыздарына сенемін және күн сайын қасымдағы әр қыздың бойынан үлкен әлеует бар екенін көремін.

Тоғжан Сұлтан, Data Scientist, RationalAi

Өткізілген зерттеулер, бірінен соң бірі жұмыстағы  ұжым құрамының әртүрлі болуы (ағылшынша diversity)  шығармашылық шешімдер мен мәселелердің жауабын табуда жаңа көзқарастар әкелетінін дәлелдеді. Егер бұл тәсілді кез-келген елде және кез-келген салада қолдануға болатын болса, онда біз Қазақстандағы STEM саласында қыздардың әлеуетін жүзеге  асыру жолының бастапқы сатысында тұрмыз. Біздің қоғамдағы тарихи қалыптасқан гендерлік стереотиптер мен рөлдер қыздарды өз таңдаған  жолымен жүрмеуге  және басқаларға, мейлі отбасында болсын, мектепте, жұмыста болсын ыңғайлы позицияларды таңдауға мәжбүрлейді.  

 

Қабілеттерін байқап, амбицияларын қолдап, дұрыс таңдау жасауға көмектескен оқытушыларына Тоғжанның алғысы шексіз.

 

Бірақ бұл жағдай өзгеруде, және технология саласында мансапқа ұмтылған қыздардың үлгісі басқа қыздарды бұл салада қызметін бастауға ынталандырады.

Өткен өміріме көз салсам, менің техникалық пәндерге деген қызығушылығымды қолдаған  оқытушылардың бар болғандығы мен үшін  үлкен сәттілік болды.   Олар менің қабілеттерімді байқап, амбицияларымды қолдап, дұрыс таңдау жасауға көмектесті.  Мені қоршаған ортамның қолдауы менің дамуыма, технология саласына көшуіме мүмкіндік берген түрткі болды.  Арманыңызға жетуге қорқудың қажеті жоқ, бар күш-жігеріңізді салып, аянбай еңбек ету керек, сонда бәрі міндетті түрде өз нәтижесін береді!

***

Халықаралық « АКТ-дағы қыздар» күні

АКТ-дағы   қыздар күні  2011 жылы 8 сәуірде қыздарды  АКТ секторына қатысуға ынталандыру және қолдау мақсатында тағайындалды.

АКТ-дағы   қыздар күні  қыздардың мамандық таңдауда стереотиптерді емес, жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін басшылыққа алуға ынталандырады. Бұл технологияға, компьютерлік ғылымдар, жаңа коммуникациялық құралдар мен техникаға деген қызығушылықты оятады, қыздарға болашақ мансаптары үшін пайдалы байланыс орнатуға және басшылық позициялардағы  басқа әйелдердің жолын үлгі тұтуға мүмкіндік береді.