Климаттың өзгеру мәселелерін шешуге арналған тұрақты ормандар

2021 ж. 20 March

Шығыс Қазақстан облысы «Верх-Уба» орман шаруашылығы Фотосурет: Николай Новиков

Ормандар Жер бетіндегі құрлықтың 30%-ын алып жатыр және адамдар мен планетаның тіршілік әрекетін сақтау үшін «өмірлік маңызы бар артерия» болып табылады. Олар адамзат үшін, сондай-ақ жер бетінде тіршілік ететін жануарлар, өсімдіктер мен жәндіктер түрлерінің 80%-ы үшін қажет. Сонымен қатар, ормандар адамдарды баспанамен, таза ауамен және сумен қамтамасыз ететін, көмірқышқыл газын сіңіріп, ұстап тұратын, климаттың өзгеруінің ауыр салдарын азайтуға көмектесетін әртүрлі экожүйелік қызметтерді ұсынады.

Ормандар климатты реттеуден, жердің тозуын болдырмаудан, су тасқыны, сырғыма мен көшкін қаупін азайтудан бастап, адамдарды құрғақшылық пен шөлейттенуден қорғауға дейінгі керемет мүмкіндіктерге ие. Жер тұрғындарының 23%-ы, 1,6 миллиардтан астам адам, оның ішінде көптеген байырғы халықтар ормандарға тәуелді екені анықталды, өйткені ормандар олардың өмір сүру көзі болып табылады.

Орманның жойылуына және ормандардың тозуына әкеп соқтырған белсенді адам қызметінің соңғы онжылдықтары парниктік газдардың атмосфераға ғаламдық шығарындыларының шамамен 1/5 бөлігін құрайды, осылайша климаттың өзгеруін күшейтеді. Екінші жағынан, ормандар жыл сайын шамамен 2,6 млрд тонна көмірқышқыл газын сіңіреді, бұл көмірсутекті жағу арқылы бөлінетін СО2-нің үштен бірін құрайды.

Ормандар қажет екені сөзсіз – оларды тұрақты басқарудың, олардың сау-саламатты ортасын сақтаудың және табиғи қалпына келу процесі үшін жағдай жасаудың арқасында олар бүкіл әлемдегі адамдарға өмірлік маңызы бар өнімдер мен қызметтерді (экожүйелік қызметтерді) ұсынуға қабілетті.

Шығыс Қазақстан облысындағы Язево көлінің жанындағы Тау ормандары Фото: Мухаммеджан Саматұлы

Қазақстанда ормандар бүкіл аумақтың 4,6%-ын алып жатыр, олардың ауданы 2016 жылғы жағдай бойынша депозиттелген көміртегінің жалпы көлемі 718,3 млн тонна СО2-эквивалентімен 12,5 млн га құрайды.

Прага келісімінің негізінде, оған сәйкес Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға дейін 15%-ға қысқарту бойынша міндеттемені өз мойнына алды, 2020 жылы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), Қазақстан Үкіметі және Bitfury жетекші IT-компаниясы қазіргі ормандарды сақтау және жаңа орман екпелерін құру арқылы Bitfury компаниясының электр энергиясын жеткізушілері өндіретін «көміртегі ізін» қысқартуға жәрдемдесу бойынша қаржылық емес үшжақты келісімге қол қойды. Осы бастама шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының есепке алынбаған таулы ормандарына түгендеу жүргізілді; ғарыштық және аэро-суреттерді пайдалана отырып, олардың шекаралары, тұқымдық құрамы мен жай-күйі анықталды. Осы зерттеулердің нәтижесінде 67 мың гектардан астам есепке алынбаған тау ормандары анықталды, олар соңғы 30 жыл ішінде шамамен 6 млн тонна СО2-эквивалентті көміртекті сіңірді.

Ғаламдық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қолдауымен БҰҰДБ ормандарды сақтау мақсатында басқа да бастамаларды жүзеге асырады. Жаһандық ауқымда БҰҰДБ-ҒЭҚ әріптестігі 69 елге биоалуантүрлілікті және орман экожүйелерін сақтау саласында қолдау көрсетеді, қаржыландыру көлемі 449 млн. АҚШ долларынан астам. Осы әріптестік шеңберінде БҰҰДБ-ҒЭҚ Қазақстандағы күш-жігері табиғи және антропогендік қауіптердің туындау тәуекелін мониторингілеу және бағалау үшін заманауи технологияларды пайдалану практикасын енгізу арқылы ормандардың кесілуі мен тозуының алдын алуға, оларды өрттен қорғауға бағытталған.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстан ормандарын қорғауға бағытталған қабылданып жатқан шаралар елеулі нәтижелер әкелді, сондықтан орман экожүйелерінің әл-ауқат процесін жеделдету және қорғау мақсатында алдағы болашақта жаңа технологияларды ұзақ мерзімді стратегияларға енгізуге ерекше назар аудару қажет.

Шығыс Қазақстан облысы «Верх-Уба» орман шаруашылығы Фотосурет: Николай Новиков