Қырғызстан ІІМ өкілдері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа ден қою практикасымен танысу үшін Қазақстанға келіп кетті

2021 ж. 13 September

Photo credit: UNDP Kazakhstan

6-9 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Ақтөбе Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі мен ІІМ Академиясының өкілдері үшін сексуалдық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қою саласында тәжірибе алмасу жөніндегі бағдарламаға қатысушыларды қабылдады. Бұл сапар «Жарық сәулесі» бастамасы» өңірлік бағдарламасының, Қазақстан мен Қырғызстандағы БҰҰДБ елдік кеңселерінің бірлескен күш-жігерінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен БҰҰДБ-ның саясат проблемалары жөніндегі Сеул орталығының қолдауының арқасында орын алды.

Сапар аясында қырғыз делегациясы Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес практикасымен танысты. Қазақстанның ІІМ-нен қатысушылар азаматтармен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын учаскелік инспекторлардың жұмыс сапасын арттыру жөніндегі жобалар туралы хабардар болды. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын іске асыру шеңберінде полиция жұмысының сервистік моделіне көшу жөніндегі реформа басымдықтарының бірі. Бұл жобалардың қатарына құрбандармен (мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қоса алғанда) және құқық бұзушылармен өзара іс-қимыл жасау кезінде учаскелік және полиция инспекторлары үшін арнайы рәсімдерді (іс-қимылдардың қадамдық алгоритмдерін) әзірлеу жатады.

«Қазақстанда және Қырғызстанда зорлық-зомбылық көрген адамның алғашқы байланысы құқық қорғау органдарында жиі кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеу тәжірибесі өте қызықты, өйткені біздің міндетіміз - тұрақты даму мақсаттарына және «ешкімді артта қалдырмау» қағидатына сәйкес жүйені барынша инклюзивті ету», - деп атап өтті отставкадағы милиция полковнигі, БҰҰДБ-ның Қырғызстандағы гендерлік мәселелер жөніндегі сарапшысы Г. М. Әлиева.

Бұдан басқа, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қарым-қатынас дағдыларына үйрену курсынан өтуі тиіс. Әзірге оқыту Астана мен Қарағандыда пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Учаскелік инспекторлармен қатар бұл курстан патрульдік қызмет, ювеналдық полиция қызметкерлері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің инспекторлары өтеді.   

Қазақстан ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерінің (ӘЗҚБ) жұмысы талқылаудың ең маңызды тақырыптарының біріне айналды, оған қатысушылар бағдарлама бойы жүгініп отырды. Қазақстан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Милюк А.К. былай деп түсіндірді: «Зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу – ӘЗҚБ-нің жалғыз функциясы емес. ӘЗҚБ міндеті – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресте полицияның барлық бөлімшелерін үйлестіру, процеске басқа да мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес секторды тарту. ӘЗҚБ мақсаты – құқық бұзушылықтардың жалпы алдын алуда байланыстырушы буын болу».

Делегация қатысушылары мен қабылдаушы тарап агрессорлармен жұмыс жөніндегі түзету бағдарламаларын іске асыру және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының жұмысын ұйымдастыру туралы ақпаратпен алмасты. Қазақстан тарапы Қырғызстан ІІМ делегациясының қатысушыларына Мемлекеттік дағдарыс орталығы мен ҮЕҰ өкілдерін тыңдауға мүмкіндік берді.  

Қазақстан ІІМ-нің пікірінше, тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу әдістерін кезең-кезеңімен жетілдіре отырып, полицияның иелігінде қорғаныс нұсқамалары, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қою, қосымша тыйым салу сияқты ықпал етудің нақты құралдары пайда болды. Қырғыз тарапы қорғау нұсқамаларын қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Бағдарламаның едәуір бөлігі полицияның зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс жасауының оңтүстік кореялық практикасынан алынған материалдар негізінде құрылған полиция қызметкерлеріне арналған оқу бағдарламасымен танысуға арналды. Қатысушылар ведомстволық ғылым мен тәжірибеші буын мамандарының қатысуымен әзірленген ведомствоішілік оқыту бағдарламасының қажеттілігін ерекше атап өтті. Делегация қатысушылары полицейлерге арналған гендерлік зорлық-зомбылыққа ден қою курсын енгізу, курс бағдарламасын жаңарту, оқытушыларды даярлау, сондай-ақ процесті реттейтін нормативтік құжаттарға қатысты өз сұрақтарына жауап алды. Олар сондай-ақ қазақстандық сарапшылар мен осы курсты тікелей әзірлеушілерінің басшылығымен курстың жеке бөлімдерінен тікелей өтіп, топтық тапсырмаларға қатыса алды.

Жұмыс қорытындысы бойынша Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясы, М. Бөкенбаев атындағы ҚР ІІМ Ақтөбе заң институты және ҚР ІІМ Академиясы арасында «Жарық сәулесі» бастамасы» өңірлік бағдарламаның аясында оқытушылар мен сарапшылардың тұрақты алмасуын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

«Біз зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдерге қолдау көрсету бойынша корей тәсілін енгізген қазақстандық әріптестеріміздің тәжірибесімен таныстық. Бізді әсіресе әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі арнайы бөлімшелерді құру және олардың жұмыс істеу тәжірибесі қызықтырды. Бұдан басқа, осы оқу сапарында біз Қырғызстанда табысты практикаларды енгізу бойынша консультациялар үшін өзара іс-қимылдың сараптамалық желісін құру туралы уағдаластық», - деп қорытындылады Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық бөлімі бастығының орынбасары Исакова Э.А.

2017 жылдан бастап Қазақстан БҰҰДБ халықаралық танылған стандарттарға сәйкес гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларына тиімді ден қою және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қызмет көрсету үшін бүкіл ел бойынша полиция қызметкерлерінің білімі мен дағдыларының деңгейін арттыру мақсатында Қазақстанның Ішкі істер министрлігімен ынтымақтасады.

«Корея Республикасының «Даму проблемаларын шешуге арналған серіктестік» бағдарламасының арқасында және БҰҰДБ-дың  Саясат мәселелері жөніндегі Сеул орталығының қолдауымен  Қазақстанның барлық өңірлерінен учаскелік инспекторлар мен тергеушілер қатарынан 200 қызметкер Оңтүстік Корея полициясының үздік практикаларына негізделген арнайы тренингтерден өтті. Ішкі істер министрлігі мен ІІМ академияларының жоғары басшылығы үшін Оңтүстік Кореяға оқу сапары маңызды үлес болды, соның нәтижесінде Қазақстан Ішкі істер министрлігі полиция академияларының оқу бағдарламаларына гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша курс енгізілді», - деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш. «БҰҰДБ жаһандық даму ұйымы ретінде өңірлік деңгейде гендерлік зорлық-зомбылық проблемасын шешуге көмектесе отырып, әріптестер арасындағы тәжірибе алмасуға жәрдемдесе алатыны қуантарлық жайт», - деп қосты ол.

Коронавирус пандемиясынан туындаған дағдарыс зорлық-зомбылыққа ден қою жүйесіндегі осал жерлерді анық көрсетті, бірақ сонымен бірге өткір мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу қажеттігін алға тартты. Бүгінгі күні дағдарысқа қарсы тұрудың соңғы тарихынан жаңа шындық жағдайында зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызметіне сол әдістердің қайсысы ауыстырылуы және қойылуы мүмкін екенін түсіну маңызды.

«Жарық сәулесі» бастамасы зорлық-зомбылық проблемаларын шешуге тұтас көзқарасты ұсынады. Сондықтан да заңнаманы талдаумен, қоғамдағы гендерлік таптаурындарды трансформациялау жөніндегі жұмыспен, жергілікті жерлердегі әйелдер қозғалысын қолдаумен қатар, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін институттарды нығайту мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлінді. Бұл жұмыс зорлық-зомбылыққа ден қою – бұл ауыр зардаптарды азайту және одан әрі жарақаттанудың алдын алу мақсатында зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қызмет көрсету және қолдау көрсету деген түсінікке негізделген.

«Жарық сәулесі» бастамасы» өңірлік бағдарламасы шеңберінде ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру міндеті тұр. Осы жоспардың тармақтарының бірі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тәжірибе алмасу үшін құқықтық тәртіпті қорғау органдары өкілдерінің өңірлік желісін қалыптастыруға арналған.

Сонымен қатар, өңір елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы өтініштермен жұмыс істеу бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған рәсімдерді, хаттамаларды және нұсқаулықтарды шолу және талдау жөніндегі жұмыс басталды. «Жарық сәулесі» бастамасы» өңірлік бағдарламасы Орталық Азия өңірі елдері арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша табысты тәжірибе алмасуды анықтауды, жариялауды және қолдауды өз жұмысының бағыттарының бірі ретінде жалғастырады деп жоспарлануда.