Полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасы -- қылмыспен алдыңғы қатарлы күрес сарбазынан бастап қоғамдастықтың достарына дейін

2021 ж. 19 October

Фото: БҰҰДБ Қазақстан

Қазақстан полициясы біртіндеп сервистік модельге көшуде. 2018 жылы Президент өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында ұлттық полицияның Қазақстандағы полиция қызметінің қағидаттарын өзгертуге тиіс жұмыстың сервистік моделіне көшуі туралы жариялады.

Қазақстан үшін полициялаудың жаңа моделі халық құқық қорғау құрылымдарын жазалаушы орган ретінде қабылдайтын қоғамда қалыптасқан «біз оларға қарсымыз» тұжырымдамасына жағымды әсер етуі тиіс. «Полиция жазаламайды, бірақ қиын жағдайда көмектеседі», - деген түсінік – бұл осы бағытта  алғашқы қадамдар жасалған ел үшін жаңа бағыт.

Елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету әрі жеке және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру «Қазақстан-2050» стратегиясының маңызды аспектілері болып табылады. Стратегия инновациялар, адами капиталға инвестициялар және халықаралық саудаға кірігу есебінен экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Сонымен қатар, стратегия мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, адам құқықтарын қорғау қағидаттарын нығайтуға және елдегі кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған. Осы мақсаттарға жету үшін жақсы жұмыс істейтін құқық қорғау жүйесі қажет.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) полицияның халықпен жұмыстың сервистік моделіне көшуі жөніндегі алғашқы пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Адамдардың сеніміне ие болу оңай емес. Алда азаматтар мен полиция қызметкерлері арасындағы сенімді және сындарлы қарым-қатынасқа апаратын ұзақ жол күтіп тұр. Алайда, жолды жүріп келе жатқан адам басып озады, осылайша жергілікті пилоттық жобалар құқық қорғау органдарының жұмысын ел ауқымында трансформациялау үшін негіз болады деп күтілуде.

БҰҰДБ полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға үлес қосуда

2020 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен ІІМ-нің екі жылдық бірлескен жобасы іске қосылды. БҰҰДБ Қарағанды облысындағы полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасын әзірлеуге және іске қосуға қолдау көрсетті. 2020-2021 жылдар ішінде БҰҰДБ полицейлеудің сервистік моделі (ахуалдық профилактика) бойынша, оның ішінде есептілік, деректер жинау және операциялық талдау жүйесіне негізделген сервистік полиция жұмысының нәтижелілігі бойынша бағдарлама мен оқу курстарын әзірледі.

«2021 жылғы сәуірде мен қоғамдық тәртіпті орнатуға бағытталған полиция реформаларына қатысты БҰҰДБ сарапшысының семинарына қатыстым. Тренингтің мазмұны жергілікті жағдайларға бейімделгендіктен, бағдарлама пайдалы болды, әсіресе қазір біздің еліміздегі полицияның сервистік моделіне көшу кезеңінде», - деді полиция полковнигі, Алматы қ. М. Есбулатов атындағы ІІМ Академиясының кәсіби психологиялық дайындық және менеджмент кафедрасының доценті Р.Ерлан.

Тренингке учаскелік полиция қызметкерлері, полицияның әртүрлі бөлімшелерінің қызметкерлері және М.Есбулатов атындағы ІІМ Академиясының оқытушылар құрамы қатысты. Хуан Беликов, қорғаныс, құқық қорғау және барлау органдарын реформалау мәселелері бойынша халықаралық қоғамдастықта танылған сарапшы, сервистік полиция жұмысы және қауіпсіздік институттарын құру жөніндегі сарапшы, сондай-ақ бірнеше тілді меңгерген сарапшы, тренингтер бағдарламасын әзірлеу және іске асыру үшін шақырылды.

«Хуан Беликовтың семинарларына қатысқаннан кейін мен жұмыстың сервистік моделіне көшу процесіне қатысқандар үшін кәсібилікті арттыру және дағдыларды жетілдіру қандай маңызды рөл атқаратынын түсіндім. Тренердің халықаралық сарапшы екені және жергілікті тілде сөйлейтіні өте құнды болды», - деді полиция полковнигі, Алматы қ. ІІМ Академиясының жалпы құқықтық пәндер басқармасы бастығының орынбасары Майра Нұрышева.

Полицейлеудің сервистік моделі жөніндегі тренингтерден басқа, БҰҰДБ ІІМ-нің 100-ден астам өкілі үшін жобалық менеджменттің заманауи практикалары бойынша бірқатар тренингтер ұйымдастырды. Бағдарлама практикалық міндеттерді, нақты өмір жағдайларын, білім беру жобаларын, жобаларды басқарудың негізгі қағидаттары мен процестерін қамтыды. Бұдан басқа, адами ресурстарды басқару тренингтері жаңа реформаны енгізу қарсаңында қажетті дағдылар мен біліммен қамтамасыз ету мақсатында полицияның аға офицерлері үшін арнайы әзірленген болатын.

БҰҰДБ мен ІІМ әріптестігі нәтижесінде полицияның сервистік моделін біртіндеп енгізудің егжей-тегжейлі әдіснамасы әзірленді. Алдағы үш-бес жыл ішінде бүкіл ел бойынша полиция жұмысына жаңа көзқарас енгізіледі деп күтілуде.

Полицейлік қызметтің түрлері - полицияның сервистік моделі - сөзсіз жеңімпазз

Әлеуметтанушы және саясаттанушы Джеймс К. Уилсон жүргізген 1968 жылғы әйгілі зерттеуде полиция қызметінің үш түрлі моделі анықталды – полицияның қарауылдық, құқықтық және қызметтік немесе сервистік моделі.

Полиция қызметінің қарауылдық моделі қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Полицияның міндеті – қолайсыз оқиғалардың алдын алудың орнына дауларды шешу және тәртіпті сақтау.

Құқықтық модель заңды бұлжытпай сақтауға бағытталған. Полицейлік ұйымдар өздерін заң сақтаушылары деп санайды. Бұл модельдің мысалы полиция қызметкері сағатына 60 км жылдамдық шегінен асып кеткені үшін тас жолмен сағатына 61 км жылдамдықпен жүретін жүргізушіге айыппұл салған жағдайда болуы мүмкін, өйткені бұл заңның сақталуын қамтамасыз етеді. Құқықтық модельде жұмыс істейтін полиция ұйымдары заңды бұзбайтын әлеуметтік нормалардың сақталмауы салдарынан туындайтын жария дауларға қатысудан аулақ болады.

Қазіргі қоғам бастан кешіріп отырған қылмыс пен зорлық-зомбылықтың ушығуы полиция қызметінің қолданыстағы модельдерін қайта қарауға әкеп соқты, олар тиімсіздігімен қатар полицияға және нәтижесінде тұтастай мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіре бастады.

Полицияның ескірген әдістерін қайта қарау және қоғамның қазіргі қажеттіліктерін ескеру көптеген полиция күштерін полицияның дәстүрлі реактивті формасынан қоғаммен ынтымақтастыққа бағытталған тәсілге көшуге мәжбүр етті. Сервистік полиция деп танылған жаңа модель пайда болды, ол зорлық-зомбылық пен қылмыстың алдын алуға, сондай-ақ қоғамның қылмысқа тұрақты қарсы тұруын арттыруға бағытталған міндеттерді бірінші орынға қояды.

Сервистік модельде полицейлер өздерін қылмыспен күресетін сарбаздар ретінде емес, қоғамның досы деп санайды. Қылмыс – бұл полицияның ғана емес, қоғамның проблемасы. Сондықтан азаматтық қоғаммен серіктестік қарым-қатынасты сақтау – осы модельдің негізгі қағидаттарының бірі. Осы үлгідегі полиция ұйымдары кәмелетке толмағандар мен құқық бұзушыларға нақты көмек көрсету, қоғамдық топтарға қылмыс пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу және проблемаларды шешумен айналысу мақсатында әлеуметтік қызметтермен және басқа да агенттіктермен ынтымақтасады.

Полицейлік қызметтің инновациялық түрі – статистика өзі туралы өзі айтады

Іс жүзінде барлық жағдайларда полицияның сервистік моделі бостандыққа кепілдік беретін және сонымен бірге адам құқықтары мен тұлғаның демократиялық бостандықтарына қатаң сәйкестікте заңның сақталуын қамтамасыз ететін және кәмелетке толмағандарға, жастарға және басқа да халықтың әлеуметтік осал топтарына полицияның неғұрлым сапалы қызметтерін ұсыну үшін гендерлік тәсіл мен кең әлеуметтік интеграция критерийлерін қолданатын ең жақсы модель болып шықты.

Жаһандық масштабта полицияның сервистік моделін қолданудың нәтижелері  айтарлықтай елеулі. Жаңа модель енгізілгеннен кейін Эквадор бір жыл ішінде кісі өлтіру санының 24 пайызға, дүкендердегі ұрлық 10 пайызға, қарулы тонау 7 пайызға және автокөлікті айдап кету 8 пайызға (2013-2014) төмендеуіне қол жеткізді. Латвия, есірткінің заңсыз айналымы жалмаған ел, Талси қаласында полицияның сервистік моделінің пилоттық учаскесін құрды, онда тіркелген қылмыстар саны 28 пайызға азайды және тонау саны 27 пайызға азайды; дәп сол кезде, 2009 жылдан бастап 2012 жылға дейін полицияның қызметін оң қабылдау 26 пайызға артты. Америка Құрама Штаттарында Нью-Йорк полициясы 2013-2015 жылдар аралығында бүкіл қала бойынша ауыр қылмыстардың 5,3 пайызға төмендеуін тіркеді.

Полицияның сервистік моделінің осы проблемалардан туындаған оқиғаларға ден қоюдың орнына, азаматтық қоғаммен бірге негізгі проблемаларды шешуге бағытталған белсенді профилактикалық жұмысы тамаша нәтиже көрсетеді. Бүгінгі таңда 60-тан астам ел полиция қызметінің осы үлгісін қабылдады, бұл ретте Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі алғашқы ізашар болып табылады. Полицияның неғұрлым тиімді жұмыс істеуі және полиция мен жергілікті халық арасындағы байланысты жақсарту үшін «біз оларға қарсымыз» деген дәстүрлі полиция күштерінің конфронтациялық моделін жеңу және қоғаммен серіктестік өзара қарым-қатынас орнату бүгінгі реформаның басты мақсаты болып табылады.