Балалардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қамқорлық жасайтын «жасыл» мектеп

2021 ж. 10 December

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазіргі уақытта Қазақстан Мемлекет басшысының 2020 жылғы желтоқсанда айтқан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына қол жеткізу бағытында белсенді жұмыс істеуде. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) елдегі «жасыл» бірлескен бастамаларды, оның ішінде өңірлерде пилоттық жобаларды іске асырудағы мемлекеттің негізгі серіктестерінің бірі болып табылады.

Мысалы, 2021 жылы Eni мен БҰҰДБ бірлескен бастамасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласында орналасқан орта мектепте жаңартылатын күн энергиясын алу және энергия тиімділігін арттыру технологияларын қолдану бойынша жобаны іске асыру басталды.

Сарапшылардың есептеуінше, мектептерде энергия тұрғысынан тиімді технологиялар мен жаңартылатын энергия көздерін енгізу әлеуметтік саланы ұстауға арналған бюджет шығыстарының айтарлықтай төмендеуін қамтамасыз етеді. Мәселен, Түркістан қаласының әлеуметтік объектілерінің ішінде ең үлкен үлес салмақты жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетін білім беру мекемелері алады, олардың 20%-ы энергия ресурстарын төлеуге жұмсалады. Осылайша, мектептер мен балабақшаларды жылумен және электрмен жабдықтау білім беру саласындағы шығыстардың елеулі бабына тиесілі,  оларды басқа қажеттіліктерге бағыттауға болады. Бұл ретте шығыстардың төмендеуі микроклиматтың жақсаруымен қатар жүреді және тиісінше балалардың денсаулығы мен олардың үлгеріміне оң әсерін тигізеді.

Осы пилоттық жобаны іске асыруға техникалық және консультациялық қолдау көрсету мақсатында Қазақстандағы БҰҰДБ  Ресей мен БҰҰДБ серіктестігін қолдау жөніндегі жоба шеңберінде «Халықаралық дамуға арналған ресейлік сарапшылар» бағдарламасы бойынша халықаралық сарапшыны тартты. Бұл бастаманы Ресей Федерациясының Үкіметі қаржыландырады және ол Ресейдің Сыртқы істер министрлігімен, Қаржы министрлігімен және Экономикалық даму министрлігімен серіктестікте жүзеге асырылады. Осы жоба шеңберінде халықаралық сарапшылар ТМД өңірі елдерінде БҰҰДБ-ның ұқсас жобаларын іске асыру бойынша қолда бар тәжірибесі мен білімін беруде. Осындай қағидат бойынша сараптамалық қолдауды ТМД-ның көптеген елдері алды.

Тартылған халықаралық техникалық сарапшы Анатолий Шевченконың айтуынша, бұл бағдарламаның басты артықшылығы – БҰҰДБ жобаларын жүзеге асыруда өздерін танытқан және халықаралық деңгейдегі сарапшылар болып табылатын жоғары білікті мамандарды тарту арқылы БҰҰДБ сараптамасының жоғары деңгейін ұстап тұру мүмкіндігі.

Түркістан мектеп-лицейін жаңғырту жобасында Анатолий энергия үнемдеу іс-шараларын оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстармен жұмыс жасады. «Атап айтқанда, жарықтандырудың энергия үнемдеу жүйесін енгізу үшін техникалық талаптар дайындалды және күн электр станциясының орналасуы бойынша шешім оңтайландырылды. Сайып келгенде, дайындалған ұсынымдар болашақта мектепті жаңғыртуға жұмсалатын шығындарды 20-25%-ға азайтуға, жобаны іске асыру уақытын қысқартуға және энергетикалық және экономикалық тиімділік көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Анатолий. 

БҰҰДБ және ENI пилоты шеңберінде ұсынылған энергия үнемдеу іс-шараларының бағдарламасы мектептің кешенді энергетикалық аудитіне негізделгенін атап өткен жөн. Энергоаудиторлық компанияның мамандары ғимараттың инженерлік жүйелеріне зерттеу жүргізді, энергияны тұтыну бойынша статистикалық деректерді жинады және энергияны үнемдеу бойынша ұсыныстар ұсынды.

«Өңірдің бірегей күн климаты (жылына 1600 кВт/м2 дейін инсоляция) және мектептің жұмыс режимі күн энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Фотоэлектрлі панельдерді пайдалана отырып, күн электр станциясын енгізу кондиционерлеу және ыстық су алу жүйелері үшін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жарықдиодты жарықтандыруға көшу қазіргі уақытта жарықтандыру тұтынатын электр энергиясының 50%-дан астамын үнемдейді», - дейді Анатолий Шевченко.

Мысалы, оқу сыныптары мен тақталарды жарықтандыру үшін жарықтандыруды жақсартуға, жарықтың пульсациясын азайтуға және түстердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы жарықдиодты шешімдерді (шамдар) пайдалану жоспарлануда. Балалар бірден ыңғайлы жарықтандыруды сезінеді және сабақ кезінде олардың көз талуы төмендейді. Жарықдиодты шамдарға көшу сонымен қатар құрамында сынабы бар шамдарды сатып алудан толығымен бас тартуға мүмкіндік береді, бұл кәдеге жаратуды үнемдеуге және қоршаған ортаның ластану ықтималдығын болдырмауға мүмкіндік береді.

«ЖЭК есебінен алынған «жасыл энергия» көлемі және жарықтандыру жүйелерін, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту есебінен энергияны үнемдеу парниктік газдар шығарындыларын азайту көлемін верификациялау үшін пайдаланылуы тиіс. Кейіннен парниктік газдардың көлемін сату арқылы өңірде осындай жобаларды қосымша қаржыландыру тетігін құруға болады», - деп атап өтті Анатолий.

Жобаға мониторингтің деректері бойынша жобаның экономикалық, экологиялық, климаттық және әлеуметтік нәтижелері айқындалатын болады. Мұның бәрі облыста мектептерді жаңғырту бағдарламасы үшін ұсыныстар дайындауға және қаржыландыру тетіктерін, оның ішінде инвесторларды тарту есебінен пысықтауды бастауға мүмкіндік береді.