Әлеуметтік осал топтан шыққандар тағылымдама арқылы көмек алды

2020 ж. 19 October

Нұр-Сұлтан қаласынан Марьям Төлегенова БҰҰ Даму Бағдарламасының ақылы тағылымдамасынан өтті.

«Қажеттіліктері ерекше баланың анасы ретінде қызымның емін төлеу үшін маған жұмыс өте қажет болды. Бірақ пандемияға байланысты мен визажист болып істейтін сұлулық салоны жабылып қалды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласынан Марьям Төлегенова.

Марьям - қызмет көрсету саласында істеп, бір сәтте жұмысынан айырылған көп адамның бірі. Наурыз айында барлық салондар жабылып, ол жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Ал мамыр айында сондай аналар арқылы Марьям БҰҰ Даму Бағдарламасының ақылы тағылымдамасы туралы естиді. Маусым айында іріктеуден өтіп, «Мама PRO» қоғамдық ұйымына тағылымдамадан өтуге келеді.  

Ол осы уақыт аралығында SMM-маманы мен онлайн-администратор мамандығын игерді. Марьям өзінің компьютерде жұмыс істеу, контентті өңдеу және жаңа оқыту платформасында жұмыс істеу білігін жетілдірді.  Тағылымдама оларға карантин кезінде отбасын асырау және жаңа кәсіп алу мүмкіндігіне айналды. «Бұрын мен үнемі адамдармен тығыз араласатынмын, сондықтан, маған қашықтықтан жұмыс істеу қиын болды. Бірақ тағылымдама өмір сүру дәстүрімді өзгертті. Қазір өзім жұмыс істеп, адамдармен араласып жүрген жаңа онлайн әлемін ашты», - деді Марьям.

Карантин кезінде жұмысынан айырылған 150 жас БҰҰ Даму Бағдарламасының  үш айлық ақылы тағылымдамасын тәмамдады. Тағылымдамадан өтушiлердің басым бөлігі (84 адам) – әйелдер, олар карантин кезінде көбірек жапа шеккен салалар – өнер,  демалыс, туризм, білім беру саласы, сұлулық, спорттық-сауық және бөлшек сауда-саттық салаларындағы жұмыс күшінің басым бөлігін құрайды.    

Олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды облысы кәсіпорындары, үкіметтік емес ұйымдары және мемлекеттік органдарында жұмыс істеп, тәлім алды. Қатысушылар жаңа кәсіп игеру, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды, оған қоса ай сайын 60 000 теңге көлемінде шәкіртақы  алып отырды. Үш ай аралығында жұмыс берушілер оларды байқап көріп, озықтарына тағылымдама соңында еңбек келісімшарттарын ұсынды.

Марьям Төлегенова – тағылымдаманы табысты аяқтап, жұмысқа орналасқан 65% қатысушының бірі. Қазір «Мама PRO» ұйымында жұмыс істей отырып, енді басқа әйелдерге – айрықша балалар аналарына – жаңа білім мен кәсіп алуға көмектеседі. «Дағдарыс кезінде көптеген мамалардың еңсесі түсіп, не істерін білмей, адасып қалды. Ал біз бірнеше SMM-мамандарын әзірлеуге мүмкіндік алдық», - дейді БҰҰДБ тағылымдама бағдарламасы түлегі.

Тағылымдама жастарды кәсіпкер болуға жетеледі. Жаңа білім мен қабілеттер арқылы қатысушылардың 20 пайызы өз идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға қосымша қаржы көзін тапты. «Кейбір жастар өздерінің әлеуметтік жобаларын жасады, шағын гранттар ұтып алды, стартаптар мен бизнестер бастады», - дейді «Камеда» қоғамдық қорының атқарушы директоры Махаббат Еспенова.

Карантин кезінде жұмыссыз қалған Павел Уткин Алматы қаласындағы «Community - Plus» Қоғамдық Қорынан тағылымдамадан өтті. Менторлар көмегімен ол бірнеше әлеуметтік жобаларды, оның ішінде қазақстандық мұғалімдерді қолдау жобасын жүзеге асыруға ат салысты.  «Мен жұмыс уақытымды тиімді ұйымдастыруға, жобаларды жүзеге асыру үдерісін оңтайландырдым, онлайн-форматта іс-шаралар, курстар, тренингтер, курстар өткізуді үйрендім» - деді Павел.

Тағылымдама барысында қатысушылар мақсат қою, өзін-өзі ұйымдастыра білу, бизнес-жоспар жасау мен тайм-менеджмент негіздеріне үйренді. Жобаға арнайы оқытылған 25 тәлімгер жұмылдырылды. Тәлімгерлер қатысушылармен тұрақты түрде топтық және жеке кездесулер, тренингтер өткізіп, психологиялық көмек көрсетіп отырды.

«Integrity Astana» үкіметтік емес ұйым жетекшісі Жанат Нұргалиев бес стажер үшін ментор болды. Оның айтуынша, ментордан әртүрлі топтағы жастармен тіл табысу қабілеті талап етілді. «Тағылымдама арқасында көпшілігі немен айналысқылары келетіндігін анықтады – біреулерге үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеу ұнаса, біреулер бизнесте дамып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғысы келеді», - деді Жанат.

Бұған дейін бағдарлама Орталық Азия елдерінде күш көрсету экстремизмінің алдын алуға бағытталған БҰҰДБ өңірлік жобасы ауқымында сыннан табысты өткен. 2019 ж. қыркүйегінен бастап Ақтөбе және Қарағанды облыстары алыс елді-мекендерінен 500 шақты адам тағылымдамаға қатысты. Олардың жартысынан астамы кейін ұйымдарда жұмысқа қалды.

Биылғы жылдың наурызында тағылымдамалар бағдарламасы дағдарыстан зардап шекккен, тәуекел тобына кіретін жастарды психоәлеуметтік қолдау, тәлімгерлік көресту және кәсіби бағдар  беруді қамтитын жұмысқа орналастырудың кешенді инструментарийіне айналды.

«Менің өмірім тағылымдамадан кейін өзгерді. Ол менің отбасыма көмектесіп қана қоймай, менің кәсіби мүмкіндіктерімді кеңейтті», - дейді Марьям.