Сыбайлас жемқорлық пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің тежегіші ретінде

2020 ж. 8 December

Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ұрлық, салық төлеуден жалтару және басқа да заңсыз қаржылық ағындар дамушы елдерге жылына 1,26 трлн. доллар тұрады. Бұл шамамен Швейцария, Оңтүстік Африка және Бельгия экономикаларының жиынтық мөлшері; бұл сома кем дегенде алты жыл бойы күніне 1,25 доллардан төмен ақшаға өмір сүретін 1,4 миллиард адамды кедейлік шегінен асыруға жеткілікті болар еді.

Сыбайлас жемқорлық - ешбір ел сақтана алмайтын нағыз жаһандық проблемаға айналды. Сыбайлас жемқорлық мәселесі адамдарға, қоғамдастықтарға және бүкіл елдерге жағымсыз әсер етеді; демократиялық процестерге нұқсан келтіреді, әділетсіздікті күшейтеді және кедейлікті арттырады; негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін төмендетеді, бизнес жүргізу құнын арттырады және дамуға бағытталған инвестицияларды азайтады. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тұрақты дамудың барлық үш өлшеміне теріс әсерін тигізуде: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыда.

Барлық елдерге әсерін тигізген COVID-19 пандемиясының басталуымен сыбайлас жемқорлықтың жағымсыз салдары айқындала бастады. COVID-19 бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі және мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі осалдықтарды, мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану, осал келісімшарттық процедуралар мен алақол басқарудың сансыз оқиғаларын анықтап берді.

Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу сұрақтарына үлкен назар аудара отырып, оған қарсы іс-қимылды әрі қарай жалғастыруда. 2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялауы осы процестің маңызды кезеңі болды. 2019 жылы GRECO-ға кіру арқылы Қазақстан мемлекеттік және жеке секторлардағы адалдықты нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге өзінің міндеттемелерін растады. 2019 жылы Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың әлемдік индексіндегі рейтингін 124-орыннан (2018 ж.) жоғарылатып, 198 елдің ішінде 113-орынға көтерілді.

Пандемия басталысымен Қазақстан үкіметі, кәсіпкерлік сектор және азаматтық қоғам, жеке қарым-қатынасты барынша азайту шараларын қабылдап, қашықтан жұмыс атқару форматына көшті. Орталық және жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоғамдық бақылау топтарымен бірге дәрі-дәрмектерді, азық-түлік пен қажетті тауарларды тиімді таратуды, сондай-ақ халықтың осал топтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге үлкен күш жұмсады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бүкіл әлем бойынша БҰҰДБ жұмысының өсіп келе жатқан бағыты болып табылады. Заңнаманы өзгерту, есеп беру жүйесін жетілдіру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы БҰҰДБ-ның жаһандық бастамалары сыбайлас жемқорлықсыз орта құруға көмектеседі.

Қазақстандағы БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұзақ мерзімді серіктесі бола отырып, елдегі сыбайлас жемқорлықтан ада институттарды құруға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды, оның ішінде мемлекеттік қызметке этикалық институттарды енгізу, мемлекеттік және жеке секторларда адалдық қағидаттарын әзірлеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеуді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді қолдады.

Transparency Kazakhstan-мен серіктестікте БҰҰДБ жастар мен азаматтық қоғам ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысына қатысуын арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебін ұйымдастырды. 700-ден астам мектеп қатысушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды, ұлттық және халықаралық құқықтық нормаларды, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу стратегияларының үздік үлгілерін және мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты барынша азайтудың практикалық құралдарын зерделеді.

Сонымен қатар, БҰҰДБ және Transparency Kazakhstan екі рет Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау туралы әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу Жаһандық сыбайластық барометрі мен Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі әдістерінің жиынтығына негізделген. Бұл тәсіл сауалнама әдістерін қолдануды, EGov порталына жүктелген азаматтардың шағымдарын талдауды және сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен сұхбаттасуды қамтиды. 2019 жылғы сауалнаманың нәтижелері басқа факторлармен қатар Қазақстанның 2018 жылғы 124 позициясынан 2019 жылы 113-ке ауысқан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің әлемдік рейтингісіндегі позициясының жақсаруына ықпал етті.

Пандемия басталғаннан бері БҰҰДБ Қазақстан Үкіметімен ұзақ мерзімді даму серіктестігі шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысын қолдауға, мемлекеттік қызметтердің кедергісіз жеткізілуіне және азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыруға жедел көмегін көрсетті. 1000-нан астам мемлекеттік қызметшілер қашықтықтан тиімді жұмыс істеу бағдарламасы бойынша оқудан өтті; елдің барлық аймақтарында адамдарға цифрлық мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесу үшін шамамен 450 ерікті тартылды; азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік қызметті бағалау құралдарына оқытылды.

Азаматтық қоғамды бақылау үдерісіне тарту сыбайлас жемқорлықтан ада қоғамның негізгі көрсеткіштері болып табылатын ашықтық пен есептілікке ықпал етеді. Мемлекеттік органдармен әрі қарайғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру мақсатында Қазақстандағы БҰҰДБ азаматтық қоғам ұйымдарын халықпен өзара іс-қимыл тетіктері (қоғамдық кеңестерге қатысу, қоғамдық тыңдаулар, заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг топтарының жұмысы) жөніндегі тренингтерге қатысуына қолдау көрсетті.

БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің табысты бірлескен жұмысының мысалы ретінде азаматтық қоғам арасынан шыққан сарапшылары тартылған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауды атап өтуге болады. Бұл бастама мемлекеттік органдардың жұмысында жүйелік проблемалардың болуын және кадрлар қызметтерінің, сатып алу бөлімдері мен қаржы бөлімдерінің жұмысын қоса алғанда, ұйымдардың жұмысындағы бизнес-процестерді реттейтін нормативтік өзгерістердің қажеттілігін көрсетті. Сонымен қатар, БҰҰДБ сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерінің барлық аймақтық кеңселерінде қолдануы үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау бойынша нұсқаулық әзірледі.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш атап өткендей, «Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі COVID-19-ға қарсы әрекет ету және одан тыс салалар шеңберінде ашықтық пен есептілік мәселелеріне басымдық беруді жалғастыруда». Пандемия кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қатысуы, төтенше жағдайларды қолдау бағдарламалары арқылы бақылаудың жақсаруы, мемлекеттік сатып алулардың ашық және айқын болуы, сондай-ақ, жеке сектордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарын күшейтуі қажет.