Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жолдары

БҰҰ Бас хатшысының ассистенті, БҰҰДБ әкімшісінің ассистенті және Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік директор Мирьяна Сполярич Эггер ханымның құттықтау сөзі

2021 ж. 13 October

Фото: БҰҰДБ Қазақстан, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггердің Париж келісімі мен Қазақстанның көміртегі бейтараптығының мақсаттарына жетуге арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада құттықтау сөзі, Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 2021 ж., 13 қазан.

Жоғары Мәртебелі Президент Тоқаев,

Құрметті серіктестер,

Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі пайымын таныстыру рәсіміне қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Мен Қазақстан Республикасының төмен көміртекті, климаттың өзгеруіне тұрақты, әділ және гүлденген болашағына деген өршіл ниетін көрсететін бүгінгі іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Президентке, Жоғары Мәртебелі Тоқаевқа алғысымды білдіремін.

Климат өзгеруінің жылдам үдеуі адамзат үшін ең үлкен экзистенциалды қауіптердің бірі болып табылады. COVID-19 сияқты, ол бәріне әсер етеді, бірақ бірдей емес. Бұл әрекетсіздіктен әсіресе кедей және осал адамдар зардап шегеді. Климаттың өзгеруі мен теңсіздік бір-бірімен тығыз байланысты.

Қымбат емес қазба отын түрлерінің молдығына қарамастан, Қазақстан неғұрлым әртараптандырылған және жасыл экономика құру үшін құрылымдық қайта құруларды бастады. Бұл трансформацияның негізі энергетикалық жүйені терең декарбонизациялау болып табылады, ол елдегі парниктік газдар шығарындыларының төрттен үш бөлігін құрайды.

Бұл ретте, біз осы миссияның ауқымын дұрыс бағалауымыз керек. Қазбалы отыннан біртіндеп бас тарту экономиканың, сауда мен өнеркәсіптің терең құрылымдық өзгеруін білдіреді.

Екінші жағынан, Орталық Азияда декарбонизациялау процесі басталып та кетті. Қазақстан бұл үдерістегі көшбасшылық үшін саяси ерік-жігер мен пайымды танытады. Батыл әрекеттерсіз өңір энергетикалық көшу сәтін жіберіп алуы мүмкін.

Жаңартылатын энергия көздері құнының күрт төмендеуі «жасыл» энергия көлемінің тез өсуіне және жедел электрлендіруге әкелді. Сонымен қатар, экологиялық таза энергияға салынған инвестициялар қазба отынына салынған инвестициялардан үш есе көп жұмыс орнын ашады.

Орталық Азияда пайдаланылмаған жаңартылатын энергетикалық ресурстар: гидроэнергия, биоэнергия, геотермалдық, жел және күн энергиясы үлкен көлемде бар. Энергия тиімділігі мен «жасыл» сутегі де декарбонизациялауда маңызды рөл атқарады.

Бірақ басты мәселе мынада: «жасыл» көшу дұрыс қаржыландыруды қажет етеді. Мемлекеттік және жеке меншік секторлардың күш-жігерін біріктіру қажет. Қазақстанда БҰҰДБ көміртегінің шығарылуын өтеу, энергия тиімділігіне арналған субсидиялар, кредиттерді кепілдендіру схемалары және «жасыл» облигациялар сияқты тұрақты дамуға жеке сектордың инвестицияларын жұмылдыру үшін каталитикалық және инновациялық құралдарды енгізіп келеді.

Мемлекеттік қаржыландыруға қатысты күн тәртібінде ұлттық бюджеттің ішкі ресурстарын неғұрлым тиімді бөлу өзекті болып табылады, онда тұрақты және төмен көміртекті инфрақұрылымға басым назар аударылуға тиіс. Сондықтан БҰҰДБ көмірсутекті отынға арналған субсидияларды қазбалы отыннан бас тартудың маңызды қадамы ретінде тоқтатуға және осы қаражатты адамдарға да, планетаға да инвестициялауға шақырады

Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректері бойынша қазбалы отынды тұтынуға елеулі субсидиялар әлемнің 40-тан астам елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар. Мұндай субсидиялар энергия ресурстарын ысыраптап тұтынуды ынталандырады, олар ауаның ластануын күшейтеді және парниктік газдар шығарындыларын арттырады. Екінші жағынан, олардан бас тарту көміртектің нарықтық бағасын белгілеумен және «жасыл» фискалдық реформамен бірге экономикалық тұрғыдан орынды.

Президент мырза, ханымдар мен мырзалар,

Экологиялық таза және төмен көміртекті дамуды ілгерілетудегі үкіметтермен ондаған жылдырдағы ынтымақтастыққа сүйене отырып және әлемнің 137 елі мен аумағында тұрақты энергетика, құрылыс, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және биоалуантүрлілік саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін 4,9 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі гранттар портфеліне ие бола отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметіне энергетикалық көшуді жүзеге асыруда осындай көшудің экономикалық орындылығы мен әлеуметтік аспектілерін ескере отырып, көмек көрсету үшін өз тәжірибесі мен білімін жұмылдыруға дайын.

Біз осы конференцияның пайымын ілгерілетуге, Үкіметпен, оның мекемелерімен және ортақ серіктестерімізбен барлығы үшін тұрақты және гүлденген болашақ бағытында ынтымақтасуға дайынбыз. Рахмет!