Қазақстанның 17 өңірі азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына атаулы көмек көрсету үшін 45 мың қосымша дәрі-дәрмек қобдишасын алады

2021 ж. 20 September

Ағымдағы жылғы 15 қыркүйекте қосымша 45 мың медициналық жиынтық сатып алынды және Қазақстан өңірлеріне жіберілді, олардың құрамына COVID-19-дан туындаған инфекциялардың профилактикасы, диагностикасы және симптоматикалық емдеу қажеттілігіне байланысты Қазақстанның аз қамтылған отбасылары үшін экономикалық ауыртпалықты төмендетуге арналған жеке қорғау құралдары, термометрлер және стероидті емес қабынуға қарсы препараттар кіреді.

Бұл бастама Азия даму банкінің (АДБ), БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және Қазақстан Үкіметінің COVID-19-ға шұғыл ден қою жөніндегі бірлескен жобасы шеңберінде іске асырылуда. Бұл бастама Жапония Үкіметі қаржыландыратын АДБ жанындағы Азия-Тынық мұхиты табиғи апаттарға ден қою қорының (APDRF) қаражатынан бөлінген 3 млн. АҚШ доллары сомасындағы гранттың арқасында мүмкін болды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында 145 мың дәрі-дәрмек қобдишасы сатып алынып, Қазақстан бойынша аз қамтылған отбасыларға кейіннен атаулы жеткізу үшін жергілікті басқару органдарына сәтті жеткізілген болатын.

Осы 45 мың дәрі-дәрмек қобдишасын сатып алу БҰҰДБ жеткізушімен жүргізген сәтті келіссөздердің және жоба шеңберіндегі қалыптасқан үнемдеудің арқасында мүмкін болды.

Бұл жобаны іске асыру тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), әсіресе салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез-келген жаста әл-ауқатқа жәрдемдесу жөніндегі  3-мақсатқа және олардың «ешкімді артта қалдырмау» негізгі қағидатына сай келеді.