Қазақстанның зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын-алу бойынша тәжірибесі Ослода өткен жаһандық конференцияда ұсынылды

2021 ж. 23 June

Ослода өткен үшінші Жаһандық ЗЭАА конференциясы барысында Қазақстандағы БҰҰДБ Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу (ЗЭАА) бойынша өзінің бірегей тәжірибесін таныстырды. Орталық Азиядағы үлгілерді атап көрсеткен 15 маусымдағы сессияда психикалық денсаулықты сақтаудың және психологиялық қолдау көрсетудің Қазақстанда ЗЭАА бастамаларына интеграциялаудың үздік тәжірибелері талқыланды.

Психикалық денсаулық және психоәлеуметтік қолдау (ПДПӘҚ) радикалдану қаупіне үшыраған жастардың оған қарсы тұрақтылығын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл психикалық денсаулық пен радикалдану арасындағы ықтимал байланыстарды, сондай-ақ, психоәлеуметтік қолдау – өмір сүру және әлеуетті арттыру сияқты басқа да іс-шаралармен қатар бейбітшілік орнату шараларының әсерін күшейтуге ықпал ететінін түсінуге мүмкіндік беретін ЗЭАА бағдарламаларын құрудың маңызды бөлігі. Алайда, ЗЭАА бағдарламаcына ПДПҚ қолдануға деген қызығушылықтың артуына қарамастан, бұған байланысты көптеген факторлар, проблемалар мен тәуекелдер бар.

Зорлық-зомбылық экстремизмінің күшеюі және оның мемлекеттік шекараларға қарамай таралуы барлық Орталық Азия елдері үшін өзекті проблемаға айналды. Жұмыс табу мүмкіндіктерінің жоқтығы, тартымсыз шарттарда жұмыспен қамту, сапалы мемлекеттік қызметтер мен сот төрелігіне шектеулі қол жетімділік, оған қоса қоғамдық және азаматтық өмірге қатыса алмаушылық өңірдегі жастар арасында кемсітушілікке, ортадан алыстауға және оқшаулануға алып келеді.

Оқшаулауды жою және тәуекелге ұшыраған жастардың экономикалық мүмкіндіктерін ұлғайту мақсатында Қазақстандағы БҰҰДБ 2019 жылғы қыркүйекте кәсіптік даярлық пен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін көздейтін тәлімгерлік бағдарламаны іске қосты. Бұл бағдарлама Жапония үкіметі тарапынан қаржыландырылған «Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында жергілікті қауымдастықтардың орнықтылығын және өңірлік ынтымақтастықты нығайту» өңірлік жобасына кіреді.

БҰҰДБ-ның 3 жылдық өңірлік бастамасы аясында Қазақстанның шалғай елді мекендерінен 600-ге жуық осал жастар субсидияланатын 3 айлық тағылымдамалық бағдарламасына қатысты.

«Жалпы, 600-ге жуық жергілікті жастар жергілікті компаниялар мен тәлімгерлерге сәйкестендірілді. Осал жастар кәсіпорындарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, жеке компанияларда және азаматтық қоғам ұйымдарында жұмыс істеді. Бағдарламаға жобамен қамтылған аймақтардан 331 жұмыс беруші қатысты. Жастардың 43,5 пайызға жуығы шәкірттік бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді», – деді Қазақстандағы тағылымдамалық бағдарламасы компоненті шеңберіндегі БҰҰДБ-ның жауапты серіктесі "КАМЕДА" қоғамдық қорының атқарушы директоры Махаббат Еспенова.

Кәсіби дағдылардан басқа, жастар көшбасшылық және эмоционалды интеллект дағдыларымен, талап етілетін кәсіби және жұмсақ дағдылармен, экстремизмге қарсы тұруға, "жағымды" мысалдарды дамытуға және таратуға және оқшаулануды жеңуге көмектесетін кеңестер және тәлімгерлік қолдау алды.

«Жастар оң өзгерістерді тек кәсіби дағдыларды игеру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзара іс-қимылды жақсарту, жаңа достар іздеу, қызығушылықтар бойынша топтарға кіру, өз күшіне сенімділікке ие болу және жалпы өмір сапасын жақсарту ретінде де атап өтті», – деп мәлімдеді Еспенова ханым.

«Еуропалық Одақ қаржыландыратын зорлық-зомбылық экстремизміне тұрақтылықты нығайту жобасы (STRIVE Asia) шеңберінде маңызды жұмыс атқарылуда. Біз қазірдің өзінде 160-тан астам жастарға білікті психологтармен бірге топтық сабақтар және жеке консультациялар өткізу арқылы психикалық денсаулықты нығайттық және психологиялық қолдау көрсеттік, олардың көпшілігі – жас әйелдер», – деп 15 маусымдағы сессия барысында Қазақстандағы БҰҰДБ Нәтижелі басқару бөлімінің директоры Константин Сокульский атап өтті.

Өткен жылдың күзінде бес күндік топтық тренингтер мен жеке консультациялар барысында Ақтөбе және Қарағанды облыстарының осал жастары зорлық-зомбылық экстремизмінің қаупі, стресс және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас туралы ақпарат алды. Семинарлар барысында жастар тілге тиек еткен ең жиі кездесетін мәселелерге отбасылық жанжалдар, теріс эмоциялар, үнемі алаңдаушылық пен болашақ туралы қорқыныш, өзін-өзі тану, апатия және депрессия кірді.

«Келесі қадам ретінде біз профилактикалық жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Мысалы, біздің даму іс-шараларымыздың әсерін неғұрлым дәл өлшеу әдісін әлі таба алмадық. Тағы бір мәселе – бүкіл ел ауқымында кеңейтілген  географиялық аймақтарда трансформациялық және ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізу»,- деп қорытындылады Сокульский мырза.

Ослодағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі Үшінші жаһандық конференция (PVE) зорлық-зомбылық экстремизмінің өзекті мәселелерін, әсіресе көптеген аспектілерге өзгеріс енгізген COVID-19 пандемиясының контекстінде талқылау үшін жақсы платформа бола алды. Конференцияға қатысушылар радикалданудың оң баламаларын ілгерілету тақырыбы аясында түбегейлі ақпараттарды алып; цифрлық революция дәуірінде айқындалған қатерлер мен радикалдану туралы мәселелерді талқылады, инклюзивтік диалог пен көптеген мүдделі тараптардың қатысуымен жасалатын өзара әрекеттер қоғамдағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алуда сенімді қалай нығайтатыны туралы қорытындылар жасады.