БҰҰДБ Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін қолдайды

2021 ж. 6 April

2020 жыл барлық елдердің денсаулық сақтау жүйелері үшін үлкен сынақ болды. Бұл залал ең ауыр соққыны пандемияға дейін де осал жағдайда отырған қауымдастықтарға әкелді. Осы топқа жататын халықтардың ауруға шалдығу қаупі жоғары және сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі аз.

Жыл сайын 7 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында біз БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған бастамалары туралы айтқымыз келеді.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің медициналық қалдықтармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру

COVID-19 пандемиясының басталуымен медициналық қалдықтардың саны күрт өсті. Медициналық қалдықтарды аурухана қабырғаларында тез арада қауіпсіз кәдеге жарату инфекцияның ауруханалардан тыс жерлерге таралуын алдын алу және денсаулық сақтау қызметкерлері арасында COVID-19 ауруына шалдығу жағдайларын азайту үшін қажетті шараға айналды.

2020 жылы БҰҰДБ Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға тұрақтылығын күшейту бойынша бастаманы іске қосты. Аталмыш бастама шеңберінде медициналық қызметкерлерге арнап, емдеу мекемесі қабырғасында медициналық қалдықтарды дұрыс жинау, сұрыптау, жою, тасымалдау және бақылау бойынша стандарттар мен нұсқаулықтар әзірленді.

БҰҰДБ Нұр-Сұлтандағы жаңа ауруханаға жұқпалы қалдықтарды өңдеуге арналған жабдықты (автоклав) ресми түрде сыйға тартты, Тамыз 2020.

Сонымен қатар, елдің 115 медициналық қызметкері инфекцияланған медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша онлайн-тренингтерге қатысты. Атап айтқанда, олар медициналық мекемелердегі медициналық қалдықтарды басқарудың халықаралық тәжірибесімен танысты, контактілілерді бақылау, медициналық қалдықтардың қозғалысын есепке алу және қадағалау бойынша жаңа дағдыларды оқып білді. Дайындалған жаттықтырушылар курс материалдарын қолдана отырып, алған білімдерін әрі қарай таратты. Өткізілген тренингтер медициналық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіруге және медициналық қызметкерлер мен халықтың ауруды жұқтыру қаупін азайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Бастама, сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы кезінде ғана емес, ол аяқталғаннан кейін де қажет болатын медициналық қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін құруға бағытталған.

Медициналық қалдықтармен жұмыс істеуге арналған автоклавты астаналық ауруханаға табыстау

Тренингтер өткізуден басқа, БҰҰДБ 2020 ж. шілде айында, инфекцияланған қалдықтарды залалсыздандыруға арналған жабдықты (автоклав), сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз жинауға және COVID-19 ауруы бар науқастарға қызмет көрсету мақсатына өзгертілген астаналық Фтизиопульмунология орталығына тасымалдауға арналған контейнерлерді ресми түрде тапсырды.

Аурухана қызметкерлері жабдықты дұрыс қолдану үшін қажетті дайындықтан өтті. Бұл жабдықтың іске қосылуы аурухана ішіндегі инфекцияланған медициналық қалдықтарды бейтараптандыру процесінің басталуына себепші болып, оларды тасымалдау және одан әрі жою кезінде және олармен жұмыс жасау барысында инфекцияның таралу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету

2018 жылдан бастап БҰҰДБ Қазақстан үкіметіне гепатит С және қатерлі ісік сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, сондай-ақ АИТВ-инфекциясының алдын алу үшін қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техниканы сатып алуда қолдау көрсетіп келеді.

БҰҰДБ арқылы дәрі-дәрмек сатып алу Қазақстан тарапынан бөлінетін қаражатты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. БҰҰДБ сенімді жеткізушілермен жасасқан әлемдік корпоративтік келісімдері шеңберінде ірі сатып алуларға берілген жеңілдіктерін дәрі-дәрмектерді аз мөлшерде сатып алу үшін де пайдалана алады. Осының арқасында 2018-2020 жж. Қазақстан үкіметі дәрі-дәрмек сатып алуда 27 миллион АҚШ долларын үнемдей алды.

2018-2020 жылдары Қазақстан Үкіметі С гепатитін емдеу үшін қолданылатын 4 миллионнан астам Софосбувир және Даклатасвир дәрілерін сатып алды.

Үш жыл ішінде ең көп сатып алынған дәрі-дәрмектер С гепатитін емдеуге арналған Софосбувир және Даклатасвир болды - 4 миллионнан астам дана дәрі алынды. БҰҰДБ арқасында дәрі-дәрмектерді сатып алу құны 10 есеге төмендеп, бұл пациенттерді С вирусты гепатитіне қарсы терапиясымен қамтуды едәуір арттырды. Салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты орнатқанға дейін 7 жыл ішінде, яғни 2011-2018 жылдар аралығында тек 6,5 мың адам емдеуден өтті. 2018 жылдан 2020 жылға дейін дәрі-дәрмектер бағасының төмендеуіне байланысты, тегін ем қабылдай алатын науқастардың саны 28 мыңға дейін өсті.

«AGEP’C» қоғамдық қорының директоры Сергей Бирюковтың айтуынша, БҰҰДБ жеткізілімдерінің арқасында Қазақстан препараттардың арзандығы бойынша Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша Үндістан мен Пәкістаннан кейінгі үшінші орында. Қазір елде созылмалы вирустық гепатиттің «С» диагнозы расталған барлық науқастарды емдеудің 12 апталық толық курсын, ақысыз негізде ұсынуға мүмкіндік бар. Бөлшек сауда сегментінде (дәріханаларда) мұндай емдеу курсы пациенттерге 350-400 АҚШ долларын құрайтын еді.

2020 жылы пандемия дүниежүзілік жеткізілім тізбегін бұзды, осы кезде БҰҰДБ әлеуметтік маңызды денсаулық сақтау өнімдерін сатып алуда көрсеткен қолдауының маңызы одан әрі жоғарылай түсті.

***

БҰҰДБ 170 елдің үкіметтеріне, соның ішінде Қазақстанға Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуде қолдау көрсетеді. ТДМ 3 халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған, және Қазақстандағы БҰҰДБ Үкіметке осы мақсатқа қол жеткізуге көмек көрсетуін жалғастыратын болады.