БҰҰДБ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі цифрлық трансформацияға баса назар сала отырып, ынтымақтастықты нығайтады

2020 ж. 10 October

--- Image caption ---

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш серіктестік пен 2021-2025 жылдарға арналған елдік бағдарлама аясында әрі қарайғы ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылау мақсатында кездесу өткізді.

Кездесу барысында Анар Жайылғанова Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың соңғы жолдауына байланысты Агенттік тарапынан мемлекеттік қызметті трансформациялаудың басым бағыттары туралы көзқарасымен бөлісті. «Агенттік қазақстандық мемлекеттік қызмет тиімділігін, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және пандемия жағдайында мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру мақсатында БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі», - деді Анар Жайылғанова.

БҰҰДБ мен Агенттіктің бірлесе жүзеге асырған соңғы іс-шараларына мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде цифрлық форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді бірыңғай бағалауды әзірлеу, мемлекеттік қызметтер және мемлекеттік қызметшілердің этикасын бағалау мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнамалар жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексінің жобасын әзірлеу, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік қызметтер қоғамдық мониторингіне қатысу әлеуетін арттыру кіреді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен БҰҰДБ персоналды басқару саласындағы бірқатар жобаларды, соның ішінде барлық мемлекеттік органдарда іске қосу жоспарланған мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын төлеу жүйесіне фактор-балдық шкаланы енгізу және кадрлық қызметтер жұмысының цифрлы платформасы i-Qyzmet бастамасын пилоттық сынақтан өткізді.

«БҰҰДБ нәтижесінде бірқатар сәтті жобалар мен маңызды бастамалар бірлесе жүзеге асырылған Мемлекеттік қызмет агенттігімен ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалайды. Біз бірінші кезекте толассыз цифрландыру, мемлекеттік қызметшілерді жаңа дағдыларға үйрету және жалпы, дағдарыстарға қарсы тұруға дайын болу бағыттарына аса назар аудара отырып, мемлекеттік қызмет жүйесін нығайту саласында жұмысымызды жалғастырмақпыз», -  деп атап өтті Якуп Бериш.

Қазақстанда COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері БҰҰДБ Астана мемлекеттік қызмет хабымен серіктестікте үкіметке мемлекеттік органдар бизнес-процестерінің сабақтастығын қамтамасыз етуде қолдау көрсетіп келеді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қашықтан жұмыс істеу жағдайында өз қызметінің тиімділігін арттыру үшін негізгі цифрлық және коммуникативтік дағдыларды дамыту бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар, БҰҰДБ i-Qyzmet ақпараттық жүйесін қолдануды қоса алғанда, мемлекеттік сектордағы адам ресурстарын басқарудағы бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ұсыныстар жиынтығын әзірлеуге көмектесті.

Кездесуде адами капиталды дамыту, цифрлық оқыту және халыққа мемлекеттiк қызметтерді үздіксіз көрсету маңыздылығы ескеріле отырып, одан әрі ынтымақтастықты кеңейтудің нақты бағыттары талқыланды. «Біз Қазақстан мемлекеттік қызмет саласын қолдау үшін жоғары кәсіби сараптама мен инновациялық шешімдерді жұмылдыруды жалғастырамыз. Біздің бірлескен күш-жігеріміз елдің барлық тұрғындарына пайда әкелетініне сенімдімін», - деп қорытындылады БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.