Есеп комитетінің қызметкерлері Ұлыбританияның мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есеп сертификатталған институты (CIPFA) халықаралық қайта даярлау тренингісінен өтеді

2020 ж. 13 October

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Есеп комитетіне қолдау жолдарын кеңейтуде. Қазақстан Есеп комитетінің 17 қызметкері, оның ішінде басшылық өкілдері, Біріккен Корольдіктің мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есеп сертификатталған институты (CIPFA)  бағдарламасы бойынша бірқатар тренингтер мен емтихандарға қатысуда. Аталмыш тренингтер легі 5 қазанда басталып, 30 қазанға дейін жалғаспақ. Оқуды сәтті аяқтаған жағдайда, қатысушыларға халықаралық біліктілік санаты беріледі.

«Аталмыш жоба Есеп комитеті қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған, бұл, өз кезегінде, отандық аудиторлық есептерді халықаралық сарапшылардың мойындауына әкелетін аудиттегі сапалы өзгерістерге ықпал етеді», - деп атап өтті Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.

Жалпы мақсат - есеп берудің кешенді жүйесі бар, жоғары деңгейлі мемлекеттік басқарудың жүйесін құруға үлес қосу. Қаржылық тәртіптің күшеюі және мемлекеттік қаражаттар мен активтерді игерудегі жоғары тиімділік - осы жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.

Жоба БҰҰДБ-ның Қазақстан үкіметінің азаматтар пікірлерін тыңдай отырып, оларға сапалы қызмет көрсете білетін кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі күш-жігерін қолдау жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. «Ұлттық институттарды жаңарту және олардың әлеуетін күшейту - мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық бағытын, яғни әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына ену мақсатын жүзеге асыру үшін аса маңызды. БҰҰДБ осы батыл көзқарасты үздік тәжірибелер мен инновациялық шешімдер ұсыну жолымен әрі қарай қолдау көрсете бермек», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш.