Табиғатты қорғау қызметі мен жерді тұрақты пайдалануға жәрдемдесу мақсатында БҰҰДБ Қазақстан Үкіметімен бірлесіп ГАЖ-құралдарын әзірлеуді бастады

2020 ж. 20 November

Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен (ҚР ЭГТРМ) бірлесіп, тіршілік әрекетін қамтамасыз етудің негізгі салаларын анықтауға бағытталған «Адамдар мен планета үшін табиғатты картографиялау» жаһандық жобасын іске асыруда (Essential Life Support areas - ELSA). Жоба адам қызметі үшін өмірлік маңызы бар аумақтарды қорғау, басқару, қалпына келтіру және биоалуантүрлілік пен экожүйені сақтау үшін Қазақстан аумағын картографиялау мақсатында жүзеге асырылмақ.

Ағымдағы жылдың қараша айында ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы комитетінің, Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын,қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығының қатысуымен екінші семинар өтті, оның барысында онлайн режимде ELSA картасын жасау бойынша жобаның II кезеңінің бірлескен жұмысы жүргізілді. Семинар шеңберінде ұлттық деректер базалары бойынша жұмыс тобы PrioritizR, Marxan және Zonation сияқты табиғатты қорғауды жүйелі жоспарлау бағдарламаларының мүмкіндіктерімен таныстырылып, сондай-ақ Қазақстанның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің негізгі салаларындағы прогресті мониторингілеуге қажетті деректер айқындалды.

Бұл жаһандық деңгейдегі ауқымдағы іс-шаралардың бірі болып табылады және Қазақстанның мақсаттарын айқын көрсететін картаны әзірлеуге ұлттық сарапшылар мен ғалымдардың белсенді тобы қатысады. Жобаның бұл кезеңі ұлттық институттардың басшылығымен республиканың әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Табиғат- тұрақты дамудың негізі болып табылады және халықты көміртекті сақтау, азық-түлік, суды сүзу және апат қаупін азайту сияқты маңызды экожүйелік қызметтермен қамтамасыз етеді, климаттың өзгеруін азайтуға және оған бейімделуге көмектеседі.Сондықтан экожүйелік стратегияларға үлес қосу климаттың өзгеруіне бейімделудің басқа стратегияларына қарағанда көбірек пайда әкелуі мүмкін. БҰҰДБ Қазақстанда да, бүкіл әлемде де бар геокеңістіктік деректерді пайдалану үшін ұлттық және халықаралық деңгейде мемлекеттік саясат саласындағы жетекші ғалымдармен және сарапшылармен жұмыс істейді. Бұл атқарылатын жұмыс табиғатты қорғау қызметі мен тұрақты даму игілігі үшін шешімдер қабылдау процесін жақсартып, табиғи ресурстарды басқаруды оңтайландыру құралын әзірлеу мақсатында жүргізілмек.

Өмір сүрудің маңызды салалары (ELSA) - маңызды биоәртүрлілікті сақтау және адамдарға маңызды экожүйелік қызметтерді ұсыну үшін ерекше маңызы бар аймақтар. Кеңістіктік деректерді өңдеуге арналған географиялық ақпараттық жүйелердің заманауи құралдарын қолдана отырып, Қазақстан оларды қорғау, басқару және / немесе қалпына келтірудің ұлттық басымдықтары мен нақты мақсаттарына негізделген ELSA анықтаудың жаңа ғылыми әдістерін қолданады. Бұл процесс елдің биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы және 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібі бойынша ұлттық және халықаралық міндеттемелерін орындауына ықпал етеді.

Жобаның екінші кезеңінің нәтижелері негізінде шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды айқындау, сондай-ақ қорғалатын аумақтардың ауданын ел аумағының 12% - ына дейін ұлғайту сияқты Қазақстандағы негізгі табиғат қорғау жобаларын іске асыруды қолдау үшін ELSA-ның соңғы карталарын зерделеу бойынша жұмыс жалғасады.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыс осындай бастамаларға және Коста-Рика, Колумбия, Перу және Уганда сияқты басқа да елдерді ынталандырды, олар да өздерінің тіршілік әрекетін қамтамасыз етудің негізгі салаларын (ELSA) айқындауға ұмтылуда.

Анықтама

Қазақстан Республикасы 2020 жылдың басында «Адамдар мен ғаламшар үшін табиғатты картографиялау» жобасын іске асырудың бірінші кезеңіне кірісті. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында өткен бірінші семинарда БҰҰ Даму Бағдарламасының (UNDP), БҰҰ жобаларға қызмет көрсету басқармасының (UNOPS), ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР- ның ауыл шаруашылығы министрлігінің белсенді қатысуымен Қазақстанның табиғат, климаттың өзгеруі және тұрақты даму саласындағы 10 басым міндеті іріктелді, оларға қол жеткізу жолдары ELSA карталарында белгіленетін болады.

Сонымен қатар бірінші семинар жобаның екінші кезеңінде ELSA картасының сенімділігін арттыру мақсатында қолданылатын ұлттық кеңістіктік мәліметтер жиынтығын анықтады.