Денсаулық сақтау министрлігі мен БҰҰДБ 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарлама шеңберінде ынтымақтастықты нығайта түсуде

2020 ж. 30 November

30 қараша, Нұр-Сұлтан - Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш бүгін БҰҰ Даму бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын және оны Қазақстан Республикасы мен БҰҰДБ арасындағы көптеген жылдарғы ынтымақтастықтың даму бағыттары аясында бірлескен бастамалар арқылы жүзеге асыруды талқылауға бағытталған кездесуін өткізді.

«БҰҰДБ Денсаулық сақтау министрлігімен қол жеткізілген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалайды. Біз өз қызметіміздің басым бағыттарының бірі ретінде мемлекеттік қызметтердің, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарлама шеңберінде ынтымақтастықтығымызды арттырамыз деп үміттенеміз», - деді Якуп Бериш, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі.

Цой мырза БҰҰДБ-ның Қазақстан халқының денсаулығы мен әл-ауқатын арттыру саласындағы тұрақты қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, маңызды дәрі-дәрмектерді сатып алу жөніндегі бірлескен бастаманың өзектілігін атап өтті. 2017 жылдан бастап БҰҰДБ Денсаулық сақтау министрлігіне гепатит С және қатерлі ісік сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуда қолдау көрсетіп келеді, сонымен бірге Қазақстан бюджетінің 27 миллион долларын үнемдеуге көмектеседі.

Кездесуде, сонымен қатар, Қазақстанға COVID-19 пандемиясының зардаптарын қалпына келтіруге көмектесуге бағытталған БҰҰДБ-ның жедел қолдау шаралары талқыланды. Жедел қолдау шараларына - 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыруға сараптамалық көмек, COVID-19 пандемиясының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау, осал топтарға жататын жастарға арналған оқыту бағдарламасы, мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық дағдылары мен қашықтықтан жұмыс істеу біліктіліктерін жетілдіру, қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге арналған жабдықтар сатып алу және оны Нұр-Сұлтандағы фтизиопульмонология қалалық орталығына жеткізу кіреді.

БҰҰДБ-ның ұлттық қалпына келтіру стратегиясын қолдауы болашақта жаңа  Елдік бағдарламасы аясында да нығая түспек, бұл Қазақстанның келеңсіз жағдайларға қарсы тұрақтылығын қалыптастыруға және барлық мүдделі тараптар мен осал топтардың қатысуын қамтамасыз етуге көмектеседі.