Нұр-Сұлтан қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған бос орындар жәрмеңкесі

2022 жылғы 20 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының Олимпиада алдындағы жаттығу орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңке мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға, олардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін ашуға жәрдемдесу. Жәрмеңкеге кемінде 25 жұмыс беруші қатысады. Барлық келушілерге бос орынды жеке таңдау қызметі көрсетіледі.

Одан басқа, мүгедектігі бар адамдар кәсіптік бағдарлау, психологиялық, заң және медициналық-әлеуметтік қызметтер бойынша консультациялар ала алады. Келушілерге сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру, жеңілдігі бар санаттағы адамдар үшін тұрғын үй сатып алу және бейінді ұйымдардың өкілдерінен жұмыс орнына қолжетімділік мәселелері бойынша ақпарат берілетін болады.

Іс-шара бағдарламасын осы сілтемеден табуға болады.

Жәрмеңкені Нұр-Сұлтан қаласының мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту орталығы (бұдан әрі – Орталық) «AmanZhol және К» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Орталықты тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасуға немесе өз ісін ашуға және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге тілек білдірген мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы 2020 жылы құрған еді.

Орталық мынадай қызметтерді ұсынады: тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік бағдарлау қызметтері, мүгедектігі бар адамдарға және олардың жақын туыстарына психологиялық консультация беру, жұмысқа орналасу кезінде заң қызметтерін көрсету және құқықтық сүйемелдеу, медициналық оңалту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша консультация беру, сондай-ақ жұмысқа орналасу кезінде жеке сүйемелдеу.