Еуропа мен Орталық Азияда STEM-де гендерлік теңдікті ілгерілету үшін сектораралық ынтымақтастық

2021 ж. 14 September

Стамбул, 2021 жылғы 13 қыркүйек – БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Еуропа мен Орталық Азияда «STEM-де гендерлік теңдікті жеделдету» STEM4ALL онлайн-конференциясын өткізеді. Іс-шара 17 қыркүйекте Стамбул уақытымен 14:00-ден 16:50-ге дейін (GMT+3) өтеді. Конференция алаңында гендерлік теңдік мәселелеріндегі көшбасшылар, директивалық органдардың өкілдері, STEM-дегі (ғылым, технологиялар, техника және математика) даму және гендерлік мәселелер саласындағы практиктер мен сарапшылар жиналады. Талқылау тақырыбы қыздар мен әйелдерді қарқынды дамып келе жатқан, ғылымды қажетсінетін секторларда, соның ішінде бұлтты технологиялар мен жасанды интеллектте даму мүмкіндіктерін пайдаланудан ұстап тұратын әлеуметтік кедергілерді жеңуге бағытталған күш-жігерді үйлестіру бойынша тиімді және практикалық тәсілдерді іздеу болады. Конференцияға барлық тілек білдірушілер қатыса алады..

Интерактивті форматта бірқатар презентациялар ұсынылады, онда қыздар мен әйелдердің білім мен мансаптың әртүрлі кезеңдерінде STEM-де өзін-өзі тануына кедергі болатын күрделі себептер мен гендерлік стереотиптер түсіндіріледі.

Іс-шараны Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрінің орынбасары Әсел Кененбаева ашады. Негізгі баяндамаларды БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ Еуропа және ТМД бойынша өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггер және Гарвард университетінің (АҚШ) профессоры доктор Джулия Ли орындайды. Қыздар мен әйелдердің STEM-индустрия мен ғылымды қажетсінетін секторларда аз таңдап, ілгерілеуінің негізгі себептеріне өз көзқарасын өнеркәсіптің түрлі салаларынан, ғылыми және қоғамдық ұйымдардан, сондай-ақ БҰҰДБ-ның Әзірбайжандағы, Қырғызстандағы, Беларусьтегі, Қазақстандағы, Черногориядағы, Түркиядағы және АҚШ-тағы кеңселерінен баяндамашылар ұсынады. Барлық қатысушылар спикерлерге өз сұрақтарын қоюға және сөйлеуге мүмкіндік алады. Жеке сессия аясында STEM-дегі кедергілерді жеңуге қыздар мен әйелдерге тікелей көмектесетін қатысушылармен пікірталас өтеді.

Пандемия болашақ жұмыс орындарының 90 пайызы үшін сандық дағдыларды қажет ететін еңбек нарығын өзгертуге серпін берді. Технологиялардың жылдам енгізілуі даму үшін үлкен перспективалар ашады. Сондықтан қыздар мен әйелдердің осы мүмкіндіктерді пайдалануы үшін барлық күш-жігерді жұмсау өте маңызды.

Конференцияда STEM-де инклюзивті экожүйені дамыту туралы диалогты жалғастыру үшін гендер саласындағы көшбасшылардың білім беру желісіне және ақпараттық науқанына қосылуға ашық шақыру жарияланады.

Конференцияға қатысқысы келетіндер іс-шараның Facebook парақшасына кіріп, ҚАЗІР ОСЫНДА ТІРКЕЛЕ АЛАДЫ: https://goo.su/7JjX.  Іс-шара ағылшын және орыс тілдерінде өтеді.

Бұл шараны #STEM4ALL, #UNDP4STEM хэштегтерімен талқылауға қосылыңыз.

Іс-шараға қатысты серіктестік туралы сұрақтар мен ұсыныстармен STEM4ALL платформасының үйлестірушісі Тиффани Спрэгке tiffany.sprague@undp.org электрондық пошта мекенжайына немесе Қырғызстандағы БҰҰДБ Зертханасының тұрақты дамуды жеделдету жөніндегі эксперименттер бөлімінің басшысы Дженни Джениш кызы (Энси Цзие) ensi.tszie@undp.org хабарласыңыз.