Халықаралық қар барысы күнін қолдау мақсатында «Барыс» пен «Локомотив» арасында матч өтті

2021 ж. 22 October

Фото: БҰҰДБ

2021 жылғы 23 қазан, Нұр-Сұлтан қаласы. Халықаралық қар барысы күні қарсаңында «Барыс Арена» мұз сарайында «Барыс» (Нұр-Сұлтан) және «Локомотив» (Ярославль) клубтары арасында хоккей матчы өтеді. Матч аясында Қазақстанда қар барысын сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түр ретінде сақтау проблемасына назар аударуға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Қар барысын сақтайық!» акциясы ұйымдастырылды.

Бірнеше жыл бойы БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен елдегі қар барысының популяциясын қорғау және сақтап қалу жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Жоба шеңберінде далалық зерттеулер, сондай-ақ браконьерлікке қарсы күрес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін құру және жетілдіру, экологиялық хабардар болуды арттыру, Қазақстанның табиғат қорғау заңнамасын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. Бастама шеңберінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының 13 ерекше қорғалатын табиғи аумағында 294 фототұзақ орнатылған, олар қар барысының популяциясы мен оның жем-шөп базасына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді; Қазақстанда алғаш рет SMART-мониторинг пен патрульдеудің заманауи жүйесі енгізілген.

«Соңғы 100 жылда Қазақстанда қар барысының мекендеу ареалы үш еседен астамға қысқарды және бүгінде 20 мың шаршы метрден сәл ғана асады. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қар барысын және оның мекендеу орындарын зерттеу, қорғау және сақтап қалу үшін ұлттық серіктестермен күш-жігерді біріктірді. Бүгінгі күні Жетісу-Алатау ауданындағы Шолақ, Дегерес, Матай тауларында сирек кездесетін жыртқыштың мекендейтінін растау мүмкіндігі туды, онда барысты алғаш рет БҰҰДБ қолдауымен орнатылған фототұзақ түсіріп алды», - деді БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

«Қар барысы – «Барыс» хоккей клубының басты символы. Қазақстанда бұл түр жойылып кету қаупі бар, сондықтан біздің клуб бірнеше жыл бойы қар барысын сақтау жөніндегі ортақ іске өз үлесін қосу үшін БҰҰ Даму бағдарламасының «Қар барысын сақтайық!» акциясына қатысып келеді. Мұндай бастамалар – біздің клуб жанкүйерлерінің, оның ішінде жас ұрпақтың назарын табиғат пен жануарлар әлеміне ұқыпты қарау қажеттілігіне аудару мүмкіндігі. Неғұрлым көп адам күш-жігерін біріктірсе, қар барысының қорғану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», - дейді «Барыс» хоккей клубының президенті Борис Иванищев.

«Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясы аясында «Барыс Арена» Мұз сарайында жанкүйерлер үшін қар барысына арналған фотокөрме, жүлделері бар конкурстар, балаларға арналған аквагрим, слоу моушн және т. б. іс-шаралар ұйымдастырылды.

Халықаралық қар барысы күні жұртшылықтың осы сирек кездесетін жануар түрінің жойылу қаупі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Қар барысы күні 2013 жылғы қазанда Бішкекте Дүниежүзілік қар барысын сақтап қалу жөніндегі форумда тағайындалды.