Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

2021 ж. 19 November

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

19 қараша, 2021 ж., Түркістан - Бүгін Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Ол Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда ашылатын 17 орталықтың алғашқысы болды. Бастама Азия Даму Банкінің (АДБ) қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.

Ұлттық статистика деректері бойынша Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3%-ды құрайды. Олардың көпшілігі – осы саладағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес. Бұл ретте, әйелдер бизнесі басым салалар негізінен табыстылықтың орташа деңгейімен сипатталады. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

«Қазақстанда, әлемнің көптеген еліндегідей, әйелдер бизнесін ашу және дамыту кезінде әлі де белгілі бір кедергілерге тап болады. Олардың арасында формальды қаржылық тетіктерге, ақпаратқа, қызметтерге, нетворкингке қол жеткізу мүмкін болмай жатады. Гендерлік стереотиптер, оның ішінде үй міндеттерін және отбасы мүшелеріне күтім жасау бойынша міндеттерді бөлуге байланысты стереотиптер, сондай- ақ әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы әйелдердің кәсіпкерлікке тартылу деңгейіне де әсер етеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Орталықтар кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда оларға стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг-іс-шараларға қатыса алады. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанованың айтуынша, орталық – әйелдерге өз мүмкіндіктерін іске асыруға көмектесетін өте маңызды бастама.

«Орталықтың мақсаты – кәсіпкер әйелдерді ақпараттандыру ғана емес, сондай-ақ жобаларды нақты қолдау және сүйемелдеу. Мұнда әйелдер бизнесін дамытуға бағытталған зерттеу, маркетинг, оқыту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Мұндай алғашқы орталық әйелдер бизнеспен белсенді айналысатын Түркістан облысында іске қосылды. Өңірде кәсіпкерлердің 33%-дан астамы – әйелдер. Бұл бастама өңірдің қасиетті жерінде әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.  

Орталықтар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдікті кредиттер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал ететін болады.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, теңсіздіктерді азайтуға, сондай-ақ халықтың әлеуетіне сүйене отырып, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ете отырып, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», – деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

«Экономикалық құлдырауға әкелген короновирустық пандемия көбінесе әйелдерге қатты әсер етті. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құрy әйелдерге өз бизнесін дамытуға, жаңа мамандықтарды игеріп, көшбасшылық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетініне сенімдіміз», - деді АДБ Қазақстандағы директоры Нариман Маннапбеков.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Айта кетейік, 2021 жылы орталықтар Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылады. 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.

Еске салайық, дүние жүзінде бизнеспен айналысатын әйелдерді қолдау мақсатында 19 қараша күні әйелдер кәсіпкерлігі күні аталып өтеді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ