ЕО мен БҰҰДБ Орталық Азиядағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік платформаны іске қосады

2021 ж. 22 November

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ, Роман Егоров, Алматы

Алматы, 2021 ж22 қараша - Бүгін Еуропалық Одақ (ЕО) және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Орталық Азия елдері үшін Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) саласында білім алмасу жөніндегі жаңа платформаның іске қосылғаны туралы мәлімдеді. Платформаның негізгі мақсаты -ТДМ-ға қол жеткізу үшін Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстандағы үкіметтермен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау.  Платформа ТДМ-ға қол жеткізуге мониторинг пен қаржыландыру процесінің негізінде елдерге өздерінің түйінді әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын қадағалауға және түзетуге көмектеседі.

Бұдан бұрын осы жылы ЕО мен БҰҰДБ арасында өңір елдері арасында білім алмасу процесіне ықпал ету үшін 1 млн. еуро сомасына келісімге қол қойылды.

«ЕО 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне оң және сындарлы үлес қосты. Біз ТДМ-ды барлық стратегияларымызда іске асыруды ұстанамыз және Орталық Азия елдерін де соған шақырамыз. Қазір біз бұрынғыдан да тығыз байланыстамыз, сондықтан біздің шекарамыздан тыс жерде тұратын адамдарға инвестиция салу - бұл Еуропаның өзіне салынған инвестиция. ЕО алдағы уақытта да барлық деңгейлерде тұрақтылықты нығайтатын және барлығымыздың ортақ және тұрақты өркендеуімізге ықпал ететін бастамаларды іске асыратын болады», - деді ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас.

Білім алмасу жөніндегі ТДМ платформасы өңірлік масштабтағы елдер деңгейінде күш-жігерді ықпалдастыруда маңызды рөл атқаратын болады, тұрақтылық мәселелері бойынша өңірлік проблемаларды шешу үшін барлық күш-жігерді жұмылдырады. Бұл елдердің үкіметтері мен қоғамдарына институционалдық әлеуетті арттыруға, қаржыландыруды қамтамасыз етуге және өңірде COVID-19-дың қолайсыз салдарын еңсеруге көмектеседі.

«ТДМ-ды іске асыру арқылы біз шешкіміз келетін өңірлік проблемаларға назар аударатын уақыт келді. Орталық Азия елдерінің әрқайсысының өздерінің нақты даму жоспарлары бар, алайда бірлескен күш-жігер мен үгіттеуді талап ететін өңірлік күн тәртібі де бар. Климаттың өзгеруі, өңірлік теңсіздік және жалпы тұрақты өзара іс-қимыл проблемалары – бұл бүкіл өңірдің әл-ауқатына және гүлденуіне әсер ететін және жалғыз адаммен  шешілмейтін маңызды салалардың бірқатары ғана. Сондықтан да біз Орталық Азияға арналған ТДМ платформасы барлық мүдделі тараптар арасындағы өзара диалогқа ықпал етеді және орнықты шешімдерді әзірлеу мен ТДМ-ға қол жеткізу үшін тәжірибе мен білім алмасуға ықпал ете отырып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтады деп санаймыз», - деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

ТДМ платформасын іске қосу жөніндегі іс-шарада түрлі мүдделі тараптардың, оның ішінде Орталық Азия елдері үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, жеке сектордың, ғылыми орталардың және азаматтық қоғамның өкілдері оны іске асыру тетіктерін талқылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ, Роман Егоров, Алматы