БҰҰ Даму Бағдарламасы әлемдегі ең кедей әйелдерге COVID-19 пандемиясы нәтижелерін жеңуге көмектесу үшін уақытша базалық кірісті енгізуге шақырады

2021 ж. 5 March

Нью-Йорк, 4 наурыз, 2021 ж. - Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) жариялаған жаңа баяндамада  әлемнің дамушы мемлекеттерінің жүздеген миллион әйелдеріне беріліп отырған уақытша базалық табыс (УБТ), COVID-19 пандемиясы кезіндегі кедейлік өсімі мен гендерлік теңсіздіктің таралуын алдын ала алады деп айтылған.

Пандемия кезінде әйелдер ерлерге қарағанда көбірек зардап шекті. Көптеген әйелдер кірістерін жоғалтып, жұмыстан шығып қалдыжәне үй шаруасындағы күтім жұмыстарының көлемі ұлғайды. БҰҰДБ-ның Халықаралық әйелдер күні қарсаңында шығарған тұжырымдаға сәйкес, уақытша базалық табыс қысқа мерзім шеңберінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ете алады, бұл жүйелі гендерлік теңсіздіктерді жоюға бағытталған болашақ инвестицияларға жол ашады.

БҰҰДБ ұсынған ауқымды УБТ жобасы дамушы елдерге ай сайынғы ЖІӨ-нің 0,07 пайызын немесе сатып алу қабілеттілігі паритеті бойынша 51 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестициялар бөлген жағдайда, кедейлік жағдайында өмір сүретін 613 миллион жұмысқа жарамды жастағы әйелдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатындығын көрсетеді. Мұндай шара әйелдерге қажетті кіріс әкеліп, күнделікті кездесетін экономикалық қиындықтарды жеңілдетуге көмектеседі.

Қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесу үшін алдағы жарты жылда бюджеттен номиналды қаражат бөлу олардың өз өмірін қаржылық бақылауға алуларына көмектеседі.

«Үкіметтер ай сайынғы ЖІӨ-нің 0,07 пайызын тікелей әлеуметтік-экономикалық ауыр жағдайда қалған әйелдерге бағыттай отырып, қазірден бастап әрекет ете алады, өйткені ай сайынғы базалық табыс осындай қиын-қыстау заманда олардың аман қалуын қамтамасыз етуі мүмкін», - деді БҰҰДБ әкімшісі Ахим Штайнер. «Мұндай қомақты инвестициялардың артықшылығы, ол әйелдер мен отбасыларына пандемияның әсерін жеңіп қана қоймай, сонымен қатар оларға ақша, табыс көздері және өмірлік таңдау жасау бойынша тәуелсіз шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді».

БҰҰДБ қарастырып отырған УБТ схемалары бірыңғай төтенше жағдайды шешу шарасы емес, бірақ критерийлерге сәйкес келетіндердің барлығын қамтуға мүмкіндік береді. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал топтарын қамту үшін төменгі шектік мәнді арттыру арқылы бұл схема 1,32 миллиард әйелді қамтуға жетеді, бұл 134 миллиард долларды (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі) немесе ЖІӨ-нің 0,18 пайызын құрайды. Одан әрі қарайғы кеңейту жұмыстары және дамушы елдердегі барлық 2 миллиард әйелді қамту 231 миллиард долларды (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі) немесе ЖІӨ-нің 0,31 пайызын құрайды.

Баяндама авторларының пікірінше, әйелдердің әлеуметтік қорғауға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануы қажет, өйткені дағдарыс әйелдерге ер адамдарға қарағанда айрықша әсер етті.

Дүние жүзіндегі әйелдер атқаратын жұмыс түрлерінің жалақысы төмен, олар көбінесе әлеуметтік қорғаныс пен сақтандырудан тыс қалып, көп жағдайда қамқорлық, күтім  көрсету мен қонақ үйлік қызмет сияқты локдаунға бейім секторларда жұмыс істейді.

Әйелдер ақысыз жұмыстың үлкен үлесін өздеріне жүктеп алады, олар еңбек нарығынан жиі ығыстырылады және карантиндік шараларға байланысты үйде әлсіз жағдайда қалуға мәжбүр болғандықтан, отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болады.

Авторлар әйелдердің күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолдау көрсетуден басқа, әйелдерге арналған УБТ оларға экономикалық тәуелсіздік беріп, отбасындағы экономикалық ресурстарды бақылауды теңгерімдеу арқылы кедейлікте өмір сүретін әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылықты азайта алады деп сендіреді.

«Гендерлік теңсіздік тең емес табыс пен еңбек бөлінісінің әркелкілігіне байланысты сақталады, УБТ жалпыға бірдей шешім болып табылмаса да, дағдарыс жағдайында әйелдерге дәл қазір өз мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі», - деді БҰҰДБ гендерлік топ жетекшісі Ракель Лагунас. «Әйелдер өмірлерін өз қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне сәйкес ұйымдастыруы және қоғамға толығырақ қатыса алуы үшін УКБ олар үшін экономикалық тұрақтылық кезеңін қамтамасыз етеді».

Миллиондаған әйелдер бейресми секторда жұмыс істейді немесе балаларға және егде жастағы отбасы мүшелеріне күтім жасау бойынша ақысыз жұмыс атқарады. Олардың тұрғылықты елдерінде әлеуметтік қорғау схемалары бар болса да, әйелдер талаптарға сәйкес келмегендіктен, сол мүмкіндіктерден құр қалуы мүмкін.

Авторлар УБТ-тын әйелдер үшін өздігінен панацея емес екенін ескертеді. БҰҰДБ бас экономисінің айтуынша, мұндай схемалар қорғауды күшейту мақсатында институционалдық деңгейдегі құрылымдық өзгерістермен бірге жүруі керек.

«Біз талдаған көптеген елдерде мұқтаж әйелдерге көмектесетін тиімді әлеуметтік қолдау тетіктері, жұмыссыздықты сақтандыру немесе қолма-қол ақша аударымдары жүйесі жоқ, сондықтан біз әйелдерді пандемия кезінде қорғау жөніндегі уақытша шараны қарастырып қана қоймай, сонымен бірге жұмыспен қамтылу мәртебесінен тыс әлеуметтік қауіпсіздік желілеріне ұзақ мерзімді инвестициялаудың негізін қалау үшін үкіметпен жұмыс істеудеміз», - деді Джордж Грей Молина, Стратегия, саясат және басқару саласындағы қадағалау департаментінің бастығы және БҰҰДБ бас экономисі.

Ұсынылған УБТ қолданыстағы жаһандық саясат шараларын алмастырмайды, оларды толықтырады және ол құрылымдық өзгерістерге бағытталған заңнамалар мен дискриминациялық әлеуметтік нормаларды жою сияқты ұзақ мерзімді шаралармен бірге жүруі қажет.

БҰҰДБ БҰҰ-ның COVID-19 пандемиясынан туындаған әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру бастамаларын үйлестіреді және әлем елдерінде әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру стратегияларын жүзеге асырады. Бұған БҰҰДБ-ның УБТ жаңа немесе кеңейтілген шараларын, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік қорғау схемаларын іске асырудағы елдерді қолдау жөніндегі жұмысы жатады. БҰҰДБ біздің серіктестерімізбен гендерлік теңдікті COVID-19 пандемиясымен күресу бойынша жүзеге асырылып жатқан күш-жігердің ажырамас бөлігі ету үшін жұмыс істеуде.