Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы Акселератор зертханаларының жаһандық желісіне қосылды

2021 ж. 2 March

Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2021 ж. - Бүгін Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) жаһандық және жергілікті маңызы бар күрделі даму мәселелерін шешуге арналған жаңа тәсілдерді сынау және масштабтау үшін 92 зертханадан тұратын ең ірі инновациялық желіге ресми түрде қосылды. Катар мемлекеті мен Германия Федеративті Республикасының үкіметтері қаржыландыратын осы желі жергілікті инновацияларды айқындап, олардың  тұрақты даму мақсаттарына қысқа мерзімде қол жеткізу потенциалын растайды.

БҰҰДБ-ның Акселератор зертханасы пайымдау, ұжымдық интеллект немесе шешімдерді табу сияқты инновациялық тәсілдерді қолданады және Қазақстан үкіметіне дамудың жаңа жолдарын ұсынады.

Бүгінгі күні цифрландыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады, ал халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуде цифрлық трансформация басты басымдықтардың бірі болып табылады.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериштің айтуынша, «Акселератор зертханасы цифрлық технологияларды енгізу арқылы өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Азаматтар мен бизнестің цифрлы мемлекеттік қызметтерге қол жетімділігін одан әрі жақсарту үшін біз үкіметпен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Сонымен қатар, Қазақстанның жаңартылатын энергиядағы потенциалын және елдің тұрақты экономикалық өсуге деген ұмтылысын ескере отырып, зертхана Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне белсенді үлес қосады».

«Біз барлық процестерді барынша цифрландыруға ұмтыламыз, осылайша әрбір қазақстандық цифрландырудың нәтижесінде өмірлерінде болатын өзгерістерді байқайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтердің 90% цифрландырылған, адамдар күнделікті қызметтерді смартфон арқылы алуға дағдыланып келеді. Қазақстандда IT-кәсіпкерлікті дамыту фактісі де маңызды. 2018 жылдан бері Astana Hub халықаралық технопаркі Қазақстандағы ІТ-стартаптар мен технологиялық компанияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасап келеді», - деді Бағдат Мусин, Қазақстанның Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.   

Іс-шараға жас инноваторлар, Акселератор зертханаларының ғаламдық желісінің, сондай-ақ жедел шешімдері бар жеке және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстандағы Акселератор зертханасы дамып келе жатқан инновацияларды масштабтауға мүмкіндіктер мен инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, оларды анықтау және қолдау үшін жұмыс жүргізеді. Шығармашылық шешімдермен алмасу жаңа тәсілдерді іздеу үрдісінің ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені әлемдегі басқа зертханалар тапқан инновациялық өнімдер мен қызметтер халықаралық сарапшылардың назарына ие болады.

Жаһандық деңгейде Акселератор зертханалар желісі БҰҰДБ-да 2019 жылдың шілдесінде Нью-Йоркте ресми түрде іске қосылды.