ЕО – БҰҰ ДБ жаңа бастамасы Қазақстанда зорлықшыл экстремизмге жастардың төзімділігін арттыруға үлес қосуда

2020 ж. 7 October

Осал әлеуметтік-экономикалық ортадан шыққан 100-ден астам жас әйелдер мен ерлер, STRIVE Asia (Азияда зорлықшыл экстремизмге жастардың қарсыласуын күшейту) бастамасы аясында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы өткізетін кеңес беру және тәлімгерлік қолдау сессияларының бірінші кезеңін аяқтады. Негізінен, Еуроодақ қаржыландырып,  Біріккен Ұлттар Ұйымының Терроризмге қарсы Басқармасы (ТҚБ), Есірткі және қылмыс жөніндегі Басқармасы (БҰҰЕҚБ) және Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бірлесе жүзеге асырып жатқан жаңа серіктестік жобасы радикалдану мен зорлықшыл экстремизмнің алғашқы белгілерінің алдын алуға және оларға қарсы тұруға бағытталған.

«Соңғы жылдары зорлықшыл экстремизмнің таралуы халықаралық қауымдастықтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бойынша жұмысына үлкен қауіп төндіруде. Сондай-ақ, бұл орнықты дамуды нығайту және адам құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктерге нұқсан келтіреді. Біз бұл серіктестікті және Еуропалық Одақтың Қазақстан жастары арасындағы осал топтарының радикалдануына қарсы бағытталған әрекетімізді қолдауын жоғары бағалаймыз», - деп мәлімдеді Якуп Бериш, Қазақстандағы БҰҰ ДБ тұрақты өкілі.

«Еуропалық Одақ, шығу тегіне қарамастан, терроризм мен зорлықшыл экстремизмнің барлық түрлерін алдын алу және оған қарсы күресу ісіне мызғымас сеніммен қарайды. Терроризм жаһандық құбылыс екенін мойындай отырып, Еуропалық Одақ әлем бойынша өз серіктестерімен ынтымақтастықта бұл салаға ерекше көңіл бөледі. Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлескен серіктестіктің арқасында, біз зорлықшыл экстремизмнің алдын алып, оған қарсы күресуді жалғастырудамыз, сонымен қатар, терроризмге әкелетін жағдайларды ушықтыруы мүмкін COVID-19 пандемиясының әлеуметтік және экономикалық ықпалын азайту үшін әрекет етеміз»,- деп атап өтті Свен-Олов Карлссон, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі.

STRIVE Asia бастамасы зорлықшыл экстремизмге қарсы күресуде жергілікті қауымдастықтың тұрақты рөлін атап өтеді. Радикалданудың алдын алу үшін аталмыш бастама аясында жоба қатысушылары мен олардың отбасыларына кеңес беру мен тәлімгерлік қолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастамада кеңес беру және психологиялық оңалту айрықша маңызды рөл атқарады, өйткені радикалдану көбінесе жеке, психологиялық және эмоционалды факторлармен байланысты.

Бес күндік топтық тренингтер мен жеке кеңестер барысында қатысушылар зорлықшыл экстремизмнің қаупі туралы ақпарат алды, сондай-ақ, отбасылық құндылықтар, жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерім, күйзелісті еңсеру, тиімді қарым-қатынас құру туралы арнайы әзірленген баяндау материалдарымен қамтамасыз етілді.

Қатысушылар қатарында Ақтөбе және Қарағанды облыстарының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал топтарына енетін жас әйелдер мен ерлері, мектеп жоғары сынып оқушылары, кәсіптік білім беретін оқу мекемелерінің студенттері, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастар болды. Тағы бір маңызды топ – өз тәжірибесі арқылы басқаларға үлгі болып, өзгелерді шабыттандыра алатын және өзінің тұлға ретінде қалыптасқаны туралы жағымды оқиғаларын баяндай алатын жас көшбасшылар.

STRIVE Asia жобасы барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде үкімет, құқық қорғау органдарының, азаматтық қоғам мен жеке сектордың қатысуымен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жоба қала басқару органдары, жергілікті азаматтық қоғам мен қауымдастық арасындағы,сонымен қатар іс-шаралардың мазмұны және оларды іске асыруда  мүмкіндігінше жан-жақты қамтылуын,  жергілікті жағдайларды ескеруді қарастыруға бағытталған ынтымақтастыққа ықпал етеді.