БҰҰДБ және Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда экологиялық білім беруді дамыту жобасын іске қосуда

2020 ж. 3 June

Photo: UNICEF Kazakhstan

3 маусым, Нұр-Сұлтан - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (ҚР БҒМ) Қазақстандағы экологиялық білім беруді дамыту жөніндегі жобаны іске қосты. Аталған жобаның мақсаты - азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру және тұрақты даму ұстанымдарына негізделген қоғамдық экологиялық мәдениетін дамыту бойынша үкіметтің жүзеге асырып жатқан іс-әрекеттеріне қолдау көрсету болып табылады.

«Жобаның негізгі нәтижесі - 6 мыңнан астам мұғалімді даярлау және қоршаған ортаны қорғау, табиғатты пайдалану, сонымен қатар, экологиялық және экономикалық қауіпсіздік саласындағы оқу-әдістемелік құралдарды құру», - деді Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы.

Жоба аясында түрлі деңгейдегі 17 білім беру ұйымдары ресурстарды үнемдейтін жасыл технологиялармен жабдықталады. Мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыру үшін экологиялық мәдениет туралы әдістемелік материалдар дайындалады. Сондай-ақ, «Әлемді тану» пәні бойынша 1-4 сынып оқушылары тақырыптық тақта ойындары мен интерактивті видео сабақтарды пайдалана алады.

Бірлескен бастама барлық деңгейлердегі мемлекеттік білім жүйесінің ажырамас бөлігі болатын тұрақты даму үшін үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделін құрудан басталады.

«Жоба - табиғат ресурстарының тиімді пайдалануы үшін, қоғамда   экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру, заңнаманы жетілдіру арқылы мемлекетті толыққанды және тұрақты дамыту, Қазақстанның білім беру жүйесіне экологиялық білім беруді қосу үшін құқықтық шеңберді қалыптастыруға бағытталған», - деп мәлімдеді Якуп Бериш, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі.

Экологиялық білім климаттың өзгеруі, биоәртүрлілікті сақтау, рационалды тұтыну және өндіру сияқты жаһандық тұрақты даму күн тәртібінің маңызды аспектілерін қамтиды.

Жобаны жүзеге асыруда (2020-2024 жж.)  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен “Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы” Қоғамдық емес акционерлік қоғамы қолдау көрсетеді.

Photo: UNICEF Kazakhstan