Әке күні қарсаңында БҰҰ Қазақстанда #EqualPartners науқанын насихаттайды

2020 ж. 16 June

Нұр-Сұлтан –Мектептердің жабылуы, отбасының қатерге ұшырайтын қарт мүшелеріне қамқорлық және COVID-19 індеті өршуінің басқа да салдарына байланысты көптеген әйелдер қауымына жүктелген ақысы төленбейтін үй шаруасы бойынша жұмыс ауыртпалығы ұлғаюда. Әйелдер отбасындағы негізгі қамқоршылар және олар үй шаруашылығында үлкен жауапкершілікке ие, өйткені  әлемде әйелдер ерлерге қарағанда ақысы төленбейтін үй шаруасын екі жарым есе көп орындайды. Індеттің өршуіне байланысты жаһандық деңгейде жауап беру   үй шаруасы бойынша  міндеттерді тең бөлуді қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Карантин жағдайында қазақстандықтар күнделікті үй шаруасына қарағанда балаларды тәрбиелеуге және отбасының қарт мүшелерін күтуге көп уақыт бөле бастады.

БҰҰ жедел гендерлік сараптамасының мәліметтері бойынша COVID-19 жағдайында Қазақстанда ерлер күнделікті үй міндеттерін орындауға гөрі, балалар мен қарт отбасы мүшелеріне күтім жасауға бейім болды. Әйелдердің үй шаруашылығына жұмсаған  уақыты артқанмен  (18%-дан 41%-ға дейін), әрбір үшінші ер адам балаларының сабақ оқуға көбірек көмектесетінін (32%), сондай-ақ олармен (30%) және отбасының  жасы үлкен мүшелерімен (30%) көбірек бос уақытын өткізетінін атап өтті.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура мырза: «Шамадан тыс жұмыс жүктемесіне қарамастан, әйелдер өздерінің жұбайларына барынша көмектесуге тырысады. Отбасының басқа да мүшелері, соның ішінде балалар да, өз ата-аналарына үй шаруасы бойынша көбірек көмек көрсете бастағанын атап өткен жөн. Карантин шаралары әсерінен отбасының жекелеген мүшелеріне ауыртпашылықтың артқанына  байланысты уақыт ресурстарын және күнделікті үй шаруасының қандай да бір түрі үшін жауапкершілікті қайта үйлестіру мәселелері туындайды».

Карантин кезінде әйелдердің ер адамдарға қарағанда үй шаруасына қатысты жұмыс көлемі артты.  Егер де ерлерде үй міндеттерінің үш немесе одан да көп түрлерін орындауға жұмсалатын  артқан уақыты 26% құраса, бұл санаттағы әйелдердің үлесі 40% құрайды.

«Карантин жағдайындағы үй шаруасы міндеттері әйелдермен қатар ерлер үшін де айтарлықтай өсті. Үй жұмысының басым бөлігі отбасындағы тәртіпті сақтаумен, тамақ дайындаумен және балаларды тәрбиелеумен байланысты. Сонымен қатар гендерлік стереотиптердің үй шаруасын бөлуге ықпалы ауылдық жерлерде қатты байқалады. Қозғалысқа шектеу қойылғанға дейін жүргізілген басқа сауалнама нәтижелері көрсеткендей, 14 жасқа дейінгі балаларға күтімді негізінен әйелдер жүзеге асырады – баланың хал-жағдайы нашар болғанда үйде қалады; олардың дұрыс киінуін қадағалайды, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі, т.б.. Ерлер қауымының тек 3% ғана осындай міндеттерді орындайды», - деді Қазақстандағы ЮНФПА өкілі Джулия Валезе ханым.

«Саналы әке болу мен балаларды тәрбиелеудегі басты нәрсе – біздің көрсететін үлгіміз. Барлық әкелердің өз балаларына көрсете алатын ең жарқын үлгісі –  олардың аналарына деген шынайы сезімі. Осылайша отбасында гармонияда өмір сүреді, - дейді Николай Колесников, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және ЮНФПА ұйымдастырған «Саналы әке болу» подкастына берген сұхбатында. – Жақсы көру әрекет ету дегенді білдіреді. Жақсы көретін адам үнемі отбасылық қарым-қатынас қалыптастыру үрдісіне қатысуы тиіс. Сонымен бірге бұл әрекет екі тараптан болуы керек. Әйел де, ер де тең құқылы. Жұмыстың бір түрін тек әйел, ал екіншісін тек ер адам істеуі керек деген дұрыс емес».

Қоғамдағы дәстүрлі гендерлік рөлдерді қолдайтын әлеуметтік нормалар мен мінез-құлық үлгілері  әйелдер өмірінің көптеген салаларында, соның ішінде  үй шаруашылығында гендерлік теңдікке қол жеткізуге кедергі келтіреді. «Жақында БҰҰДБ өткізген гендерлік әлеуметтік нормалар индексінің талдауы көрсеткендей, Қазақстан халқының 96% әлі де әйелдерге деген біржақты көзқарасты ұстанады. Дегенмен ондай түсінік экономиканың дамуына қарай, коммуникациялық технологиялардағы өзгерістермен, жаңа заңдармен, саясатпен немесе арнайы бағдарламалармен, жалпы белсенділікпен, ресми және бейресми арналар бойынша жаңа идеялар мен тәжірибе әсерімен өзгеруі мүмкін», - деді Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш мырза.

БҰҰ Әйелдер мәліметтері бойынша әртүрлілік, теңдік және кемсітпеу қағидаттарына негізделген отбасылық заңдарды қабылдау қажет, отбасы мен гендерлік теңдікті қолдау үшін жоғары сапалы және қолжетімді мемлекеттік қызметтер көрсету, ресурстармен қамтамасыз ету және әйелдердің лайықты, тәуелсіз табыстарға қол жеткізуіне кепілдік беру қажет.

БҰҰ мандаты және гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша шаралары баршаны үй шаруасы мәселесін белсенді көтеруге шақырады. Маусымның әр үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әке күні - әкелікті құрмет көрсету күні, сонымен қатар әкелердің қоғамға ықпалын дәріптейді. Аталған күн қарсаңында біз үй шаруашылығы міндеттерін тең бөлуге қолдау және әлеуметтік нормаларды өзгерту мақсатында #EqualPartners науқанын бастаймыз.

Осы айда БҰҰ бүкіл елдегі басқа отбасыларға шабыт беру үшін #EqualPartners науқанына қатысуға фотосуреттер мен бейнелерді жариялауға шақырады. «101» музыкалық тобы ЮНФПА және продюсер Әлихан Мұсатаевпен бірге «Әке күніне» арналған ән шығарып, ер адамдарды отбасылық өмірге белсенді қатысуға және балаларымен ара-қатынасын тығыз байланыстыру мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырады. Үкімет ресми өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болса да, азаматтық қоғам және жеке сектор сияқты гендерлік теңдікті қолдаушы тараптар да маңызды рөл атқаруы керек.

Анықтама

COVID-19 нәтижесі бойынша жедел гендерлік сараптама 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында БҰҰ Әйелдер және ЮНФПА агенттіктерімен пандемияның бүкіл елдегі ерлер мен әйелдерге тигізетін әсерін бағалау үшін өткізілді. Сараптамаға Қазақстанның 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 2202 респондент қатысты (53% әйелдер, 47% ер адамдар). Олардың 59,8% - қала және 40,2% - ауыл тұрғындары. Баяндаманың орыс және ағылшын тілдеріндегі электрондық көшірмесі келесі сілтеме бойынша қолжетімді:

https://eca.unwomen.org/en/digital-library/publications/2020/06/rapid-gender-assessment-kazakhstan