Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ЕО-БҰҰ Spotlight жетекші бағдарламасы іске қосылды

2020 ж. 8 December

НҰР-СҰЛТАН – Бүгін гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік жаһандық науқан шеңберінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Амина Мохаммед, Еуропалық Одақтың Халықаралық серіктестік жөніндегі Комиссары Ютта Урпилайнен және Орталық Азия мен Ауғанстан үкіметтерінің жоғары деңгейлі өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Spotlight («Басты назарда») бастамасы ресми түрде іске қосылды. Бастапқы бекітілген бюджет бойынша 4,3 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылатын бұл аймақтық бағдарлама Еуропалық Одақтың 25-тен астам елдер мен аймақтарда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен және зиянды әрекеттермен күресу үшін жаһандық бастаманың жалғасы болып табылады.

Бағдарлама Орталық Азия мен Ауғанстанда әйелдер мен қыздарға қатысты жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша күресті нығайтуға бағытталған, сонымен бірге әйелдер мен қыздардың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарға баса назар аударады.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Амина Мохаммед бастаманың ресми тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде «COVID-19 таралғаннан бері бүкіл әлемде гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейгенін, Орталық Азия мен Ауғанстан елдері де бұл мәселеден тыс қалмайтынын» атап өтті.

Орталық Азия мен Ауғанстандағы Spotlight бағдарламасының түпкі мақсаты – ұлттық мүдделі тараптар мен Орталық Азияның бес елі мен Ауғанстандағы 35 миллионға жуық әйелдер мен қыздардың қолдауымен жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа және зиянды әрекеттерге мүлдем төзбеушілік ортасын құру.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза: «Мен Spotlight бастамасы аймақтағы үкіметтер, институттар мен азаматтық қоғам ұйымдарының басшылығы мен белсенді қолдауынан пайда көретініне сенімдімін. Үкіметтер мен мекемелер гендерлік теңдікті ілгерілетуге ұмтылатындығы қуантады. Сондықтан біз тиісті заңдар мен саясаттың қарқынды жүзеге асырылуын күтеміз».

Негізгі институттармен және әр түрлі серіктестермен бірге жұмыс істей отырып, «Spotlight» бастамасы заңнаманы реформалау, институттарды нығайту, әлеуметтік нормалар мен көзқарастарды еңсеру, азаматтық қоғам мен әйелдерді аяққа тұрғызу сияқты салаларда озық тәжірибені дамытуға және одақтастық құруға бағытталады. Бұл шаралар сандық сауаттылыққа оқытуды және әйелдер мен қыздардың құқықтарын құрметтеу мен қорғауға мүдделі тараптарды тартуды қамтиды. Бастаманы Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі қадағалайды және БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және БҰҰ-Әйелдер агенттіктері арқылы жүзеге асырылады.

Серіктестер мен іс-шара қонақтарына арнаған сөзінде Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори ханым: «Spotlight бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін жекелеген адамдардың, отбасылардың, қауымдастықтардың денсаулығы мен тұтастығына қатер төндіретін зорлық-зомбылық індетімен күресте елдерді қолдау және осы өңірдегі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жаһандық күш-жігер үшін маңызды тұғырнаманы қамтамасыз етеді», - деп атап көрсетті.

Іс-шара барысында қатысушылар әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешумен байланысты өз жұмыстары мен осы төңіректегі мәселелерді талқылады. БҰҰ, ЕО, үкіметтер, басшылар, әйелдер мен ерлер, қыздар мен ұлдарды қамтитын барлық мүдделі тараптар қатысуы керек және зорлық-зомбылықтың кез-келген түрімен күресу үшін мінез-құлық пен ойлауды өзгерту керек деген ұжымдық келісім жасалды.

Spotlight бастамасы үкімет, қызмет көрсетушілер, азаматтық қоғам және басқа да негізгі тараптар арқылы әрекет ететін әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешуге көп салалы, үйлестірілген және тұтас көзқарасты қолдануға мүмкіндік береді. Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл тұғырнамасының 25 жылдығында, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығын мерекелеудің айтулы жылында бастау алған Spotlight бағдарламасы әйелдердің зорлық-зомбылықсыз өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұсаукесердің толық бейне-жазбасыhttps://www.facebook.com/watch/live/?v=199328495156171&ref=watch_permalink

 

Анықтама

Spotlight бастамасы (SI) - бұл Еуропалық Одақ (ЕО) пен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) арасындағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін (VAWG), соның ішінде зиянды тәжірибені жою жөніндегі жаһандық серіктестік. 2016 жылы бүкіл әлемде Еуропалық Одақтың 500 миллион еуро көлеміндегі жаһандық қаржылық міндеттемесімен іске қосылған Spotlight бастамасы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің алды шарты мен қозғаушы күші ретінде гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бұрын-соңды болмаған жаһандық жоба болып табылады. Орталық Азия мен Ауғанстанда Spotlight бастамасы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибені жоюға, алдын алуға және оған жауап беруге инновациялық тәсілдерді қолдануға бағытталған. Бұл бастама бар күш-жігерді біріктіреді және өңірлік мекемелер мен түрлі серіктестердің жұмысын толықтырады. Толық ақпарат www.spotlightinitiative.org сайтында.