Талант, әйелдер және бәсекеге қабілеттілік туралы

2021 ж. 5 March

Қазіргі әлем белгісіздік деңгейінің артуымен, ақпараттың көлемі мен ағынының жоғарылауымен, демек, стандартты емес, тривиалды емес шешімдердің рөлінің жоғарылауымен сипатталады. Жаһандану, IT технологиялардың, коммуникациялардың дамуы шешім қабылдауға тым көп факторлардың әсер етуіне әкелді. Адам бұл туралы әрдайым біле бермеуі мүмкін, шешім қабылдау кезінде арнайы талдау жасамайды - бірақ іс жүзінде солай.

Егер кезінде Марк Твен зияткерлік ойындарды салыстырғанда, шахмат тым көп вариантты, сол себепті дойбы нақты өмірге жақынырақ деген қорытындыға келсе, қазіргі шешімдердің варианттылығы өзгеріп, шешім қабылдау кезінде ақпарат көлемі шамадан тыс артады. Бұл жүйелер мен шешім қабылдаушылардың аса бейімділігін талап етеді.

Өткен ғасырда шешуші рөл атқарған басқару құралдарының стандартты жиынтығымен салыстырғанда, корпоративті не мемлекеттік басқару жүйелерінде болсын, эмоционалды және интеллектуалдық көшбасшылық рөлінің артуы кездейсоқ емес. Бұл өз кезегінде көшбасшылықтың ауыртпалығын қабылдауға дайын адамдарды іздеу маңыздылығын анықтайды.

Бұл адамдар  кімдер? Әрине, бұл, ең алдымен, өз жетістіктерін үнемі арттырып отыратын таланттар.

Таланттың ерекшелігі – бұл адам өзінің сүйікті саласында жұмыс істей алады, уақытты есептемей ақпаратты сіңіре алады, өз ісін жұмыс не еңбек ретінде қабылдамайды. Ол үшін бұл ғанибет; қанағаттанушылық беретін әрекет.

Қазір таланттарды іздеудің уақыты келді. Олардың әлеуетін ашатын, әлпештейтін, насихаттайтын кез келді, талант алдындағы қорқыныштан арылатын кез келді.

Таланттар компанияны, мемлекеттік органды, саланы, қоғамды алға жетелейді. Стандартты көшбасшы үшін талант әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Ол үнемі  сұрақ қояды, тәуелсіз шешім іздеумен айналысады, ұсыныстар жасайды, ол жүйемен үйлеспеуі мүмкін.

Жақында менің бір танысым үлкен басшының жүйеден шыққан басқа адамға деген көзқарасы туралы айтқанда, оны құрметтейтінін, бірақ түсінбейтінін айтты.

Таланттардың проблемасы - оларды құрметтейді, мүмкін оларды жақсы көреді де, бірақ әрдайым түсіне бермейді. Алайда, олардың ойына келетін стандартты емес шешімдер болмысты едәуір алға жылжытады, жаңа шешімдер, жаңа жағдайлар, дамудың жаңа деңгейін жасайды.

Сондықтан қазір мемлекеттік басқару болсын, корпоративтік сектор болсын, адами ресурстарды басқарудағы таланттарды басқару (talent management) бірінші орынға шығып отыр: оған таланттарды іздеу, таңдау, арнайы лифтілер және мансап сатысы жатады.  Бірақ бұл үшін талантты адамдардан қорықпайтын,  таланттарды қабылдайтын ортаның болуы маңызды. Экономика, саясат, өнер немесе әдебиет болсын, таланттар өздерінің қабілеттерін жүзеге асыра алатын мүмкіндікке ие болуы тиіс.

Әрине, таланттарды тану және алға жылжыту барлық мәселелерді шешудің әмбебап құралы емес, бірақ оларды дұрыс пайдалану кез-келген ұйымның, жүйенің және елдің әлеуетін арттырады.

Біздің еліміз таланттардан мақұрым емес. Бұл өткен күні де, бүгінгі күні де рас. Біздің мәдениетіміз өзінің табиғи дамуында таланттарды ашуға жағдай жасады, өйткені көптеген тарихи себептерге, соның ішінде көшпелі даму кезеңіне байланысты, қазақ мәдениетінің артықшылығы – ашықтық, бейімділік және толеранттылық болып табылады. Бәлкім, біздің толеранттылығымыздың табиғаты батыстық толеранттылық табиғатынан біршама өзгеше шығар, бірақ ол бар.

Елдегі әрбір салада, әрбір компанияда, әрбір салада, қызметтің әрбір түрінде әділ бәсекелестік – идеялар бәсекелестігі, таланттар бәсекелестігі, шешімдер бәсекелестігі болуы маңызды.

Қорытындылай келе, белгісіздік, жаһандану және бәсекеге қабілеттілік сын-қатерлеріне жауаптардың бірі – таланттарды ілгері тарту және оларға әділ бәсекелестік жағдайын жасау болып табылады.

Алайда, өсіп келе жатқан белгісіздік икемділікті талап етеді – ақыл-ой икемділігін, тәсілдер икемділігін, сонымен қатар, шиеленісті бәсеңдетіп қана қоймай, сол мәселеге байланысты салаларға, адамдарға зиян тигізбейтін шешімдерді табу икемділігін талап етеді.

Осыған байланысты Фазиль Искандердің ақылды адам мен дана адамның арасындағы айырмашылық туралы айтқан сөзі ойыма келеді. Ақылды адам қандай да бір мәселені шеше алады, ал данагөй адам оны басқаларға зиян келмейтіндей етіп шешеді деген.

Таланттар тоқырауды қабылдамайды, сондықтан олар стереотиптерге сәйкес келмейді. Сол себепті оларға көбінесе біржақты қарайды, әсіресе, ол әйел заты болса.

Алайда, тарихи тұрғыдан біздің жерімізде әрдайым талантты әйелдер өздерін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Мен көпшілікке мәлім Томиристен Айғанымға дейін, Найля Базанова, Патшайым Тәжібаевадан Нағима Айтқожинаға дейін, Дина Нұрпейісовадан Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева, Жания Әубәкіроваға дейін, сондай-ақ, қазіргі Аида Мүслімованың ізін басқан тамаша қазақстандық шахматшыларды мысалға келтірмеймін.

Біздің Ұлытау өңірінің қызы туралы мысал келтіргім келедң. XIX ғасырдың соңында Бидаш есімді қыз біздің ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады. Өткір ақыл мен шешендікке ие бола отырып, ол әңгімелерде жиі өз пікірін білдірді. Бірде қайын атасы оны сөзбен тойтарады: "Байтал шауып, бәйге алмас деген. Шамалы тартыңқырап отыр". Оған дереу: "Байтал шауып, бәйге алмаса, кезінде Ерденнің асындағы құла байталдың озып алған бір үй жылқысын иелеріне қайтарыңыз" деп жауап берген екен.

Уақыт өте Бидаш күйеуінің ауылында болыс билеушісі болды. Болыс билеушісі ретінде Бидаш әрқашан әділ болды, мәселелерді стандартты емес түрде шешті. Сол жерге келін болып келгенімен, өзге болыс билеушілерінің арасынан дәл Бидаштың есімі халық жадында сақталғаны таңқаларлық жайт емес.

1992 жыл... Мен – Жезқазған облысының әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарымын. Сол кездегі ең ірі іс-шаралардың бірі "Ұлытау үні" фестивалі болды, оның аясында ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың қазылар алқасы жергілікті ақындардан, мәдениет қайраткерлерінен, аға буын өкілдері  ақсақалдардан тұрды.

Бірде ақтық айтыстың алдында мен байқаусызда біздің ақсақалдар мен қазылар алқасының мүшелері жиналған кабинетке кіріп, финалға шыққан жергілікті ақындардың бірінің материалдық жағдайы күрделі екенін және “Волга”  көлігін бас жүлде ретінде берген дұрыс болар еді деген әңгімені естідім. Олар басынан-ақ оған көмектесуді шешкен, өйткені ол "өздерінің" адамы еді.

Сонда мен оларға Бидаш апайдың сөзін еске салдым: “Сіздер Бидаш апайдың сөзін ұмыттыңыздар  ма?” Олар: “Қандай сөзін?” деп сұрады. Мен: “Ата-бабаларының бірін еске алу асындағы бәйге кезінде ол, болыс билеушісі ретінде, бәйге-төбеде ерлер арасында отыруға және жарыстарды қадағалауға құқылы болды, бірақ ол киіз үйде қалып, жаңалықты күтті.  Сонда оның  көмекшісі  шауып келіп: “Сүйінші,  сүйінші! Біздің ат бірінші келді!”- деп хабарлағанда, “Қап! Барлық тер, атақ пен абырой көт пен көпшіктің астында қалды ғой” деп санын ұрыпты. Бұл туыстық және жерлестікке қарамастан, талантты құрметтеу және мойындау мысалы болып табалады.

Қоғамдық сана белгілі бір инерция мен консерватизмге ие. Мыңдаған жылдар бойы негізгі шешімдерді негізінен ер адамдар қабылдады, жауапкершілік ауыртпалығы оларға жүктелді. Бұл дамудың табиғи барысы болды. Адамзат қоршаған ортаға, табиғаттың катаклизмдер түрінде болатын қауіп-қатерлерге немесе жауларға көбірек тәуелді болған кезде, негізгі міндеттер қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қорек табу болды. Ол кезде ер адам аңшы және жауынгер болған, сондықтан ол қоғамда шешуші рөл атқарған. Кейінірек, физикалық еңбек әлі де басым болған аграрлық және индустриалды қоғамда экономикада басты рөл ер адамға тиесілі болды. Көптеген мәдениеттерде бұл ереже әлі күнге дейін сақталып келеді және экономикалық басқарудың, мемлекеттік басқарудың және т. б. қоғамдық модельдеріне ауысады. Бірақ сонымен қатар, постиндустриалды қоғамда гендерлік айырмашылықтарды жоятын зияткерлік еңбек бірінші орынға шығады.

Ал басында атап өтілгендей, адамзат жалпы алғанда инклюзивтілікті және қоғамдастықтардың барлық мүшелерінің әлеуетін ортақ міндеттерді шешуге тартуды талап ететін жаңа сын-тегеуріндердің алдында тұр.

Мысал ретінде түсіндіре кетейін. Біз – бүкіл адамзатпыз немесе біз – бір компаниямыз. Біз – бір мемлекетпіз. Біз – ерлер мен әйелдерміз. Біздің әрқайсымызда белгілі бір әлеует бар. Компания немесе мемлекет, қоғам қандай жағдайда бәсекеге қабілетті болады? Әркімнің ортақ іс пен жеке басы мүддесі үшін әлеуеті іске асырылған кезде. Әйелдер адамзаттың жартысын құрайды, егер біз оларға өздерінің қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермесек, онда біз қоғамның жартысының әлеуетін іске асыруға кедергі келтіреміз. Нәтижесінде, біз олардың әлеуеті ашылуының арқасында бәсекеге қабілеттілігіміздің артуы мүмкіндігінен айырыламыз.

Сонымен бірге, біз мемлекеттік басқаруда, бизнесте, өнерде өз әлеуетін іске асыратын әйелдерге, ана арқылы өз әлеуетін іске асыратын әйелдерге қарсы қоймауымыз керек. Бала тәрбиелеген аналар қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз үлестерін қосуда. Олар ұлттың болашағын демографиялық тұрғыдан ғана емес, мәдени тұрғыдан да қалыптастырады. Аналар балаларына алғашқы білім береді, құндылықтарға баулиды, дәстүрлерді жеткізеді. Олар өз балаларын ашық, Алла тағала берген бойындағы таланттарын жүзеге асыра алатындай тәрбиелей алады.

Әйелдердің алға жылжуына кедергі келтіретін ерлердің көзқарас негізінде қорқыныш жатқаны анық. Ер адамдар ежелден физикалық және интеллектуалдық жағынан бір-бірімен бәсекелесуге дағдыланған; бірақ егер Юдит Полгар немесе Жансая Абдумалик ерлерді жеңсе және ересек ерлер турнирінде жүлделі орындарға ие болса, толерантты орта мұны қалыпты қабылдайды, бірақ кейбір бөлігі оны ауыр қабылдауы мүмкін.

Барлығымыз мықты, ал қоғам бәсекеге қабілетті болу үшін, біз әйелдерге кез- келген өз қабілетін іске асыру мүмкіндігін беруіміз керек.

Сонымен бірге, біз түркі немесе мұсылман елміз деп қорқынышымызды ақтаудың да қажеті жоқ. Қараңызшы, керісінше, АҚШ, Францияда емес, атап айтқанда, мұсылман, түркітілдес елдерде көшбасшы әйелдер пайда болды: Пәкістандағы Беназир Бхутто, Түркиядағы Тансу Чиллер. Азия әлемінде бұл Филиппиндегі Корасон Акино, Шри-Ланкадағы Сирамаво Бандаранаике, Үндістандағы Индира Ганди. Шығыс ерлері әйелдердің әр түрлі салалардағы, соның ішінде мемлекеттік басқарудағы көшбасшылығын мойындаған мысалдар көп. Бүкіл адамзатты алсақ, Ангела Меркель, мүмкін, ХХІ ғасырдың ең сәтті мемлекеттік көшбасшысы. Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джакинда Ардерн де керемет мысал көрсетуде.

Белгілі бір жағдай үлгісін жасап көрейік. Екі шекті алайық: ең кішкентай ұяшық – отбасы, ең үлкені – адамзат. Екеуінде де отбасы мүшесі немесе бөлек тұлға ретінде әлеуеті бар. Біз бәріміз табиғи дарындылық пен талант тәрбие мен еңбекке көбейтіліп, барлығымызға пайда әкелуіне мүдделіміз.

Отбасы деңгейінде ана өз баласының барынша өзін-өзі көрсеткенін қалайды, өйткені бұл оның аналық бақыты. Бірақ бір таланттың жетістіктері бүкіл адамзат үшін маңызды. Жалпы, біз бәріміз Адам ата мен Хауа ананың баласымыз және айналамыздағы талантты адамдарды дамытуға қызығушылық танытуымыз керек. Бүгін біз әл-Фараби, әл-Хорезми, Ибн Сина, Ньютон және Эйнштейн мұраларын да, Софья Ковалевская, Мария Склодовская-Кюридің мұраларын да бірдей пайдаланамыз. Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс және сәл ертерек Стив Джобс бастаған заманауи технологиялардың дамуы алғашқы бағдарламалау тілінің прототипін жасаған Ада Лавлейстің, wifi прототипіне айналған "секіру жиілігі" технологиясын патенттеген Хэди Ламаррдың, сондай-ақ, бүгінгі күні Google негізіндегі іздеу жүйелерінің технологиясын алғаш рет жасаған Карен Спарк Джонстың ашылуларынсыз мүмкін болмас еді.

Таланттар отбасының, ұрпақтың, ұлттың, нәсілдің, жыныстың өкілдері бола отырып, бүкіл адамзатқа тиесілі. Әрбір талант – адамзаттың игілігі. Әрбір дарынды адам – адамзаттың үлкен әлеуеті. Біз таланттарды ысырап етпеуіміз керек. Бұл белгілі бір адам әлеуетінің жоғалуы ғана емес, - бұл өмірді жалпы жақсарту мүмкіндігінің жоғалуы. Бұл – басқа таланттарды да демотивациялау.

Таланттар әрқашан стандартты емес болып келеді, олар дәстүр шеңберінен шығып  отырады - бұл бізді қорқытпау керек. Адамзат тарихындағы барлық көрнекті адамдар қоғамдық, экономикалық, саяси болсын, жүйемен қақтығысқа ұшырады. Олар көріпкелдік қабілетіне ие болды, сондықтан алға ұмтылды, кейбіреулері бұл үшін өмірін қиды, өзгелері үлкен мөқтаждықты бастан кешірді. Бірақ олар талай адамның жанын жылытып немесе адамзаттың дамуына үлес қосып үлгерді.

Тұрақты даму және бәсекеге қабілеттіліктің арттыру стереотиптерді бұзуды талап етеді. Біз бұны неғұрлым ертерек түсінсек, соғұрлым тезірек модернизацияға еніп, бәсекеге қабілетті боламыз.