Джихан Султаноглу, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы Еуропа және ТМД елдері бойынша Өңірлік Бюроның директоры Астана экономикалық форумында сөйленетін кіріспе сөз «Орнықты даму мақсаттарын жеделдету үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеу» жоспардан тыс іс-шарасы

Thu May 26 00:00:00 EDT 2016

Астана экономикалық форумында сөйленетін кіріспе сөз

 «Орнықты даму мақсаттарын жеделдету үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеу» жоспардан тыс іс-шарасы

25 мамыр 2016, 09:45– 10.00

Өтетін орны: Тәуелсіздік сарайы, Астана, Қазақстан

Мәтіннің сөйлеген кезде қазіргі нұсқасынан айырмашылықтары болуы мүмкін

 

 

Құрметті Мемлекеттік хатшы Әбдіқалықова,

Құрметті Үкімет, жергілікті бірлестіктер, дипломатиялық корпус, азаматтық қоғам, ғылыми орта және жеке сектор өкілдері.

Құрметті БҰҰ агенттіктерінен келген әріптестер,

Ең алдымен, мен Қазақстан Үкіметі мен оның халқына Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен көп жылдардан бергі ынтымақтастығымыз бен бізге артқан сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді. Биыо БҰҰДБ өзінің 50 жылдық мерекесін атап өтпек. Көптеген мемлекеттердің басшылары мен министрлермен бірге Қазақстанның экономикалық интеграция министрі Жоғары мәртебелі Айтжанова ханым үстіміздегі жылы ақпанда Нью-Йоркте өткен 50 жылдық мерейлі отырысымызға қатысты.  Министр БҰҰДБ мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастық пен достықты, сондай-ақ соңғы 23 жылда бірлесіп қол жеткізген жетістіктерімізді жоғары бағалап, 2015 жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мақұлдаған орнықты даму мақсаттары аясында одан да жоғары биіктерге бірлесіп қол жеткізу үшін мүмкіндіктерді атап өтті.

БҰҰДБ Қазақстанда 1992 жылдан бастап жұмыс жасайды. Орталықтандырылған жоспарлы экономикадан шығып, құрылымдық өзгерістер басталған сәттен бастап біз тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттілікті қалыптастыру үшін берік негіздер орнату мақсатында халықпен және үкіметпен қоян-қолтық жұмыс жасадық.

БҰҰДБ микроқаржыландыру, кәсіби білім және бизнес-консультациялар арқылы тіршілік етудің тұрақты көздерін құруға, табысты қалыптастыруға ықпал ете отырып,  үкіметтің ең батыл саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларына қолдау көрсетті.  Біз кеңестік кезеңнен мұраға қалған экологиялық апаттардың салдарларын таныған агенттіктердің бірі болдық, сөйтіп, Арал теңізінің тартылуы, Каспий теңізінің ластануы проблемаларын шешу үшін серіктестер мен ресурстарды жұмылдыруға көмектестік, сондай-ақ Семей полигонының маңайындағы елді мекендерге көмек көрсеттік. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында экологиялық апаттың қайнаған жерінде тұратын адамдардың  тіршілік етуге деген үміттері пайда болып, тіршілікке қажетті құралдарды қалпына келтіріп, болашаққа оптимистік көзқараспен қарай бастады.

2000 жылдардың басынан бастап қазіргі кезге дейін біз институционалдық реформаларға қолдау көрсетудің нақ ортасында болдық. БҰҰ-ның басқа да агенттіктерімен және әріптестермен бірге біз Ұлттық гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеуге және оны іске асыруға қолдау көрсеттік. Бұл стратегияның мерзімі биыл аяқталады, біз қазір гендерлік теңсіздік мәселесін шешудің жаңа бағдарламасын, сондай-ақ  2017-2030 жж. Арналған отбасы-демографиялық саясат бағдарламасын әзірлеуге кірістік.

Біз мемлекеттік қызметті жаңғырту үдерісін жүйелі түрде қолдаймыз, оның ішінде мемлекеттік қызмет туралы түрлі заңдарды, этика кодексін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды және т.б. әзірлеу мен жүзеге асыруға көмек көрсетеміз. Бізге сол сияқты мемлекеттік қызмет саласындағы үкімет пен БҰҰДБ-ның, Өңірлік хабтың бағыттаушы бастамасын іске қосудың сәті түсті, қазіргі кезде оған Еуропа мен ТМД елдерінің, Азия мен Солтүстік Американың 32-ден астам қатысушы елдері қатысады және қазіргі сәтте ол тағы да кеңеюде.  

Бұл біздің қол жеткізген жетістіктеріміздің болғаны бірнеше мысалы ғана. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз Үкіметтік бағдарламаларға жұмсалатын бірлескен шығынның үлесін 2010 жылғы  4%-дан 2015 жылғы 50%-ден астам мөлшерге дейін көбейте алдық.  Осыған байланысты мен Жоғары мәртебелі Мемлекеттік хатшыға БҰҰДБ-ға көп жылдардан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы мен өз міндеттемелерін атқарғаны үшін алғысымды білдіргім келеді.

Артымызға қарайлай отырып, мен Қазақстандағы тез әрі тиімді жүргізілген өзгерістердің куәсі болғанымды мақтан тұтамын. Қазақстан кедейшілік деңгейін 201 жылғы  46,7 % -дан 2015 жылғы 2,8 %-ға дейін азайтты, бұл - 14 жыл ішінде зор жетістік.

Мемлекет 2015 жылы 188 елдің арасынан 56 орынды иелене отырып, адам дамуы бойынша жоғары деңгейге қол жеткізді. Мұндай зор нәтижені, әсіресе жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарыс жағдайында бағаламауға болмайды.  Осындай өзгерістерді басшылыққа алған Қазақстанның басшылығы мен стратегиялық пайымдауы аяқтарын шалыс басқан жоқ. Қазақстанның ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігі тұжырымдамасы Қазақстан-2030 және Қазақстан-2050 құжаттарына енгізілген. Уақытылы техникалық және пәндік-мазмұндық қолдау көрсетуді қамтамасыз ете отырып, осы дамудың стратегиялық үдерістерінің бір бөлігі болу - БҰҰДБ үшін үлкен құрмет.

Осы жетістіктерге сүйене отырып, 2015 жылы БҰҰДБ мен Қазақстан біздің әріптестігіміздің алдағы бес жылына арнап биік басымдықтар топтамасын келісті. Бұл басымдықтар Қазақстан-2050 мен ОДМ стратегиясымен келісіледі. Олар теңсіздікті азайту; басқаруды жетілдіру; апат қауіпсіздігін азайту саласындағы әлеуетті өсіру; климаттың өзгеруіндегі қиындықтарды шешу; болашақ үшін шешуші маңызы бар энергетикалық және экологиялық тұрақтылық мәселелерін шешу бағыттарынан тұрады.  

БҰҰДБ-ның Елдің тұжырымдамасына қолдау көрсетуде мына үш саладағы ұстанымы туралы барынша толық ақпаратпен бөлісуіме рұқсат етіңіздер:

1. Теңсіздік: Өсіп отырған теңсіздік – дамыған елдер үшін де, сондай-ақ дамушы елдер үшін де өзекті мәселе, оның үстіне бұл – шешілмеген мәселе. Егер бұл мәселе шешілмейтін болса, әлеуметтік, экономикалық және саяси теңсіздіктер мен әділетсіздік өңірлер мен елдердің орнықты дамуына кедергі келтіретін болады. Осылайша, «ешкімді артта қалдырмау» туралы уәде 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала береді. Басқа мемлекеттердегі сияқты Қазақстан үшін де бұл шешілмеген мәселе мәселе болып қала береді:  Астана мен Алматы қалаларында халықтың тек 0,6%-ы кедейлік шегінің сыртында өмір сүрсе, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш  5,3%-ды құрайды, бұо 9 есеге дерлік көп.[1] Қалалық аудандарда 2015 жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың саны ауылдық жерлердегі  4,4 %-бен салыстырғанда  1,3%-ды құрады.  Біз Үкіметтің теңсіздікті азайту мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша жұмсап жатқан күш-жігерін мойындаймыз, соған байланысты мен осы саладағы кейбір жетістіктерді атап өткім келеді. Қазақстанда фискалдық қайта бөлу (кедей үй шаруашылықтарына берілетін ақша трансферті) кедейлікті азайту бойынша тиімді шара болып табылады. Экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу мен өңірлік бәсекеге қабілеттілікті нығайту табыстағы теңсіздікті әрі қарай азайтуға ықпал етеді. Осыған байланысты БҰҰДБ «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020», «Қазақстанда жасалған» секілді ұлттық жоспарлар мен науқандардың тиімді іске асырылуына, сондай-ақ қазақстандық қолөнершілердің өз қолдарымен жасалған бұйымдарының  EXPO - 2017-ге шығарылуына қолдау көрсетеді.  Біз сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа «жасыл» жұмыс орындарына, «жасыл» қоғамдық инфрақұрылымға, экотуризм мен орнықты ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз.

2. Басқару. БҰҰДБ жергілікті өзін-өзі басқару мен басқаруды орталықтың иелігінен алу мейлінше маңызды деп санайды. Адамдарды шешім қабылдау үдерісіне тарта отырып, жергілікті бірлестіктер мен үкімет бірге бұдан да жақсы жұмыс істеп, даму басымдықтары мен қаржы қаражатын бөлу туралы барынша негізді шешімдер қабылдай алады. Біз 2015 жылы Қазақстанда ратификацияланған жаңа заңдарды, оның ішінде «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң мен «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды мақұлдаймыз.

Олар Қазақстанды басқа реформалардың ішінде ашық және есеп беретін үкіметті құруға және ЭЫДҰ стандарттарына тең құруға табанды түрде ұмтылатын «5 институционалдық реформа мен 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру мақсаттарымен қамтамасыз етеді. ОДМ-16 дамудың негізі болып табылатын ашық әрі әділ үкіметті құруды көздейді, біз бірлескен мемлекеттік бағдарламамызда осы мақсаттың басымдықтарын белгіледік. 

Сенімді серіктес ретінде БҰҰДБ өткен жылы қабылданған екі дәуірлік заң мен басқа да заңнамалық актілерді іске асыруға қолдау көрсету аясында саясат мәселелері мен ноу-хау, оның ішінде өңірде және одан сырт жерлерде инновациялық тәжірибелерді бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша тәуелсіз консультациялар береді. Біз есеп беретін, ашық, мөлдір мемлекеттік және азаматтық қызметтерді құру бойынша 100 қадамның күн тәртібінде тұрған реформаларды қоса алғанда, мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту мақсатында таяу арада құрылған Азаматтық қызмет министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасаймыз.

3. Егер табиғи және антропогенді апаттар жойылмайтын болса, ол көзді ашып-жұмғанша біздің талай жылдардан бері жасап келе жатқан тынымсыз жұмыстарымыздың нәтижелерін бір-ақ сызып, жоқ қылады. Апаттар   тек адам өлімдері мен қайғы-қасіретке әкеп қоймайды, сонымен қатар жаппай экономикалық зардапқа да себепкер болады. Мысалы, 2013 жылы Орталық Еуропада болған су тасқыны бағалау бойынша,  13,5 млн еуроға шықты, бұл Еуропаның бүкіл тарихындағы ең қымбат стихиялық апат болып саналады. [2]

Орталық Азия өңірі стихиялық апаттардың алдында әсіресе қауқарсыз. Біздің бағалауымыз бойынша, Тәжікстан мықты зілзала бола қалған жағдайда ІЖӨ-нің  20%-ына дейін жоғалтуы мүмкін.[3] Қазақстанда стихиялық апаттар тұрақты болып тұрады: тек 2015 жылдың өзінде бес елді мекен жойқын су тасқынынан зиян шекті, 2000 үйді су алып, жол және инженерлік инфрақұрылымға орасан зор зардабы тиді.[4]  Биыл тасқын елу мың адамды өз ошақтарын тастап шығуға мәжбүрледі: Үкімет жаңа инфрақұрылым салу бойынша жұмыс істеп жатыр және зиянды жабуға миллиондаған теңге ақша бөлуде. 

БҰҰДБ әкімшісі Хелен Кларк, «егер бұл бағдарланған тәуекел болмаса, онда ол орнықты [даму] болып табылмайды» деп жиі есімізге салады, ОДМ-ның барлық мақсаттарына қол жеткізу елдердің апат қаупін азайтуға дайындығының объектісі болып табылады. Антропогенді апаттар мен стихиялық апаттарға тұрақтылық тек ІІМ мен төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволардың ғана жауапкершілігі болуға тиіс емес, сонымен қатар, экономика мен қаржыға, әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтауға, энергетика мен қоршаған ортаға жауапты тиісті органдардың да жауапкершілігі болуы тиіс. Біз дамбылар мен үйлерді салу секілді сындарлы қоғамдық инфрақұрылымды нығайту және жаңғырту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен DIPECHO қаржыландыратын жұмысты жүзеге асыратын мамандар мен жергілікті еріктілердің әлеуетінің дайындығы дамыту мақсатында үкіметпен және Еуропалық одақ, БҰҰ мекемелері, жеке сектор және ҮЕҰ секілді серіктестермен жұмысты жалғастырамыз. БҰҰДБ басқа мекемелермен және серіктестермен бірге Алматы қаласында құрылған жаңа субөңірлік Төтенше жағдайларға жауап қайтару және апат тәуекелдерін азайту жөніндегі орталыққа қолдау көрсетуге дайын,  ол Орталық Азия елдері арасындағы озық тәжірибемен және біліммен алмасуға арналған тұғырнама ретінде қызмет етеді.

4. Енді, маған соңғы тақырыпқа – климаттың өзгеруі тақырыбына көшуіме рұқсат етіңіздер, бұл – біздің заманымыздың ең үлкен мәселесі болып табылады. Әлем біздің ортақ болашағымыз үшін осы жаһандық мәселені шешуге кірісетіндіктен, Париж келісімі маңызды оқиға болып табылады. Климаттың өзгеруіне қатысты 13-мақсат барлық елдер үшін кезек күттірмейтін және басым мәселе ретінде дербес мақсат ретінде әзірленді. Ол таза энергия мен энергиятиімділік туралы 7-мақсатпен тығыз байланысты. Мен 2015 жылы әлемдік экономика орташа қарқынмен өскен кезде әлем бойынша көмір қышқыл газының шығарындылары бұрынғы деңгейінде қалғаны туралы  мәліметті сіздермен бөліскеніме қуаныштымын. Экологиялық таза технологиялар саласындағы серпінді жобалар  секілді осындай және басқа жұмсалып жатқан күш-жігерлер біздің экономикалық өсуді қуалаймыз деп, қоршаған орта мен халықтың игілігін құрбандыққа шалмауымыз қажет екенін көрсетеді.  

Ірі мұнай өндірушілердің бірінен саналатын Қазақстанда экономиканы экологияландыру мәселесі - күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Біз бұл тақырыпқа сәл кейінірек ораламыз, жасыл экономикаға қатысты бөлек әңгіме етеміз. Бірақ қазіргі сәтте мен мысалы, энергия мен суды пайдалану тиімділігі саласына көп нәрсенің өзгерістер енгізу арқылы, жасалуы мүмкін екенін атап өткім келеді.

Орталық Азияда және Шығыс Еуропа мен ТМД өңірінде жалпы алғанда жоғары экономикалық шығындар инфрақұрылымдардың тозуы және тәжірибелердің ескіруі салдарынан сақталып қалып отырады.  Қазақстанның ғимараттар мен коммуналдық қызметтерге қатысты энергетикалық шығындары шамамен 40 %-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы секторына келетін болсақ, климаттың өзгеруіне және басқа себептерге байланысты ауыл шаруашылық жерлерінің 73%-ының жағдайы нашарлауда[5], жайылым үшін және ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге жарамсыз болып барады.   Температураның көтерілуі мен климаттың өзгеруі Қазақстанның негізгі экспорттық тауарын: үлесі ауыл шаруашылық өнімдері экспортының шамамен 20%-ы болатын бидайды өсіруге қауіп төндіруі мүмкін[6].

Қазақстандағы БҰҰДБ Үкіметпен және Жаһандық Экологиялық Қор, ЕО пен АҚШ секілді серіктестермен қатар климаттың өзгеруінің ең нашар салдарларын болдырмау бағытында жұмыс жасайды. Біз су энергетикалық инженериясы, ауыл кәсіпорындары, сумен жабдықтау, коммуналдық/тұрғын үй қызметтерін көрсететін компаниялар үшін ұлттық әлеуетті жинақтауды жалғастырамыз. 

Сонымен қатар біз инновациялық пилоттық бастамалар мен озық тәжірибе мен білімді тарату есебінен Ауыл шаруашылығы министрлігімен, жергілікті билік органдарымен, бірлестіктермен бірлесіп, 70 миллион гектардан астам қараусыз қалған жерлерді қалпына келтіру бойынша жұмыс жасаймыз. Біз топырақ пен орманның биоәртүрлілігін сақтау үшін елді мекендердің айналасында тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында Ұлттық саябақтармен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Алдағы бірнеше күндердің ішінде мен Алтынемел және Шарын ұлттық саябағына барып, жергілікті көшбасшылар мен бірлестіктермен бірге орнықты даму мәселелерін талқылау сәтін асыға күтіп жүрмін. 

БҰҰДБ сонымен қатар Қазақстанның өңірлік және жаһандық дискурсты қамтамасыз етудегі күн санап келе жатқан рөліне, сондай-ақ ОДМ-ға жәрдемдесу бойыншахалықаралық күш-қуатқа, оның ішінде  нормативтік-құқықтық базаны дамыту мақсатында таяу арада құрылған халықаралық көмек арқылы қолдау көрсетуге ұмтылады.

ОДМ іске асыра отырып, Африканың 45 еліне көмек көрсетуге арналып, жақын арада ғана іске қосылған 2 миллион АҚШ $ бөлінген бағдарлама Қазақстанның даму мақсатындағы ынтымақтастыққа қатысуы жолындағы маңызды қадамы болып табылады.

Сөзімді қорытындылай келе, мен біздің барлық серіктестерімізге алғыс білдіргім келеді, сіздердің әрқайсыңыз - мемлекеттік министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті және өңірлік билік органдарының, бірлестіктердің, азаматтық қоғамның, ғылыми ортаның, жастардың, жеке сектор мен халықаралық қоғамдастықтың өкілдерісіздер.  Біз рухымыз бен ізгі ниетіміздің, ынтымақтастығымыз бен өзара құрметіміздің арқасында зор нәтижелерге қол жеткізе алдық. Таяу жылдарда бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенемін. БҰҰДБ Қазақстанның әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіруге деген ұмтылысына қолдау көрсету және оның ОДМ-ды іске асыру саласында өңірлік және әлемдік көшбасшыға айналуы үшін қолдан келетіннің барлығын жасайды.

Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет.