Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі Норимаса Шимомура мырзаның және «БҰҰ-Әйелдердің» Орталық Азиядағы өкілі Илейн Конкиевич ханымның Халықаралық әйелдер күніне орай жолдауы

Mon Mar 07 00:00:00 EST 2016

Халықаралық әйелдер күнін Қазақстан халқымен бірге тойлай отырып, біз әйелдердің адам құқықтарын қамтамасыз етуге, адамның абыройын құрметтеуге және теңдікке қол жеткізуге деген ұмтылыстардағы жетістіктерін атап өтеміз.

Гендерлік теңдік — адам құқықтарының және БҰҰ құндылықтарының нақ жүрегінде тұрған мәселе. Әлем басшылары 1945 жылы қабылдаған БҰҰ Жарғысының негізін қалаушы қағида «ерлер мен әйелдердің теңдігі» болып табылады және сол себепті мемлекеттердің барлығы да әйелдердің құқықтарын қорғау мен көтермелеу үшін жауапты.

Осыған қарамастан, миллиондаған әйелдер бұрынғысынша зорлық пен кемсітушілікке душар болып, білім алу мен жұмысқа тұру саласында ер адамдармен тең мүмкіндіктерден құр қалып келеді. Әлемдегі сауатсыз адамдардың 2/3 бөлігі — әйелдер. Олардың көбі төмен жалақы төленетін жұмыстарда еңбек етуге мәжбүр. Көп елде босану кезіндегі жоғары өлім деңгейі үлкен мәселе болып қалып отыр. Әйелдердің жоғарғы басшылық лауазымдардағы үлесі тиісті деңгейде емес.

Гендерлік теңдікке жету жолындағы елеулі ілгерілеуге қарамастан, Қазақстанда әйелдер ұқсас қиындықтарға душар болып келеді. Олардың үлесі шешімдер қабылдау деңгейінде және саяси өмірде бұрынғысынша төмен, жалақылары бірдей еңбек үшін ер адамдардыкінен төмен, ол аз болғандай, отбасындағы зорлыққа тыйым салатын қабылданған заңдарға қарамастан, әйелдер үйде тән мен жан азабына душар болып отыр. АИВ жұқтырған әйелдердің саны да өсіп келеді.

Биыл бүкіл дүние жүзінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру басталады. Гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және әйелдер мен қыз балалардың құқықтары 2015 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму бағдарламасының барлық аспектілерінде басымдық болып табылады. Біздің мақсатымыз — толық тең құқықтыққа, алдағы бес жылда мағыналы нәтижелерге қол жеткізе отырып, 2030 жылға қарай «Ғаламшар 50–50» мақсатына жету.

Гендерлік теңдік саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп үлгірген Қазақстан іспеттес елде осынау жаһандық мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндіктің бар екендігіне, ал БҰҰ Елдік командасының өз кезегінде оған барынша жәрдемдесетініне БҰҰ-да біз кәміл сенімдіміз.

Гендерлік теңдік дегеніміз — бұл тек адамның негізгі құқықтарының бірі ғана емес, ол, сонымен қатар, бейбітшілік орнату, гүлдену және тұрақты даму үшін қажетті іргетас болып табылады. Гендерлік теңдік жолымен алға жылжу үшін мұны барлық деңгейлерде — парламенттен бастап жергілікті әкімшілік органдарына, кәсіпорындарға, жанұялар мен жекелеген адамдарға дейін жете түсіну мен жүйелі көзқарастың болуы аса маңызды.

Бүгін, Халықаралық әйелдер күнінде, біз Қазақстан Республикасының Үкіметін, азаматтық қоғамды және жеке секторды әйелдердің жетістіктерін қолдауға, қолда бар мәселелерді мойындауға және әйелдер құқықтары мен гендерлік теңдік мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге, сонымен қатар, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Күн тәртібін жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларды қабылдауға және де жаңа Тұрақты даму саласындағы мақсаттардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге шақырамыз.

Біз Қазақстан Республикасының Үкіметін негізгі адам құқықтарының бірі ретіндегі және жалпы игілікке болысатын фактор ретіндегі гендерлік теңдікті және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етуге шын берілгендігін көрсетуге және басқа елдермен бірге ғаламшарды гендерлік теңдікке жетелеуге шақырамыз.

2030 жылға қарай Ғаламшар 50-50: Біз гендерлік теңдікті жақтаймыз!

 

 

Норимаса Шимомура

Илейн Конкиевич