Қазақстанда интерактивті Күн ресурстары атласы ұсынылды

Fri May 19 00:00:00 EDT 2017

Астана, 19 мамыр 2017 ж. – “ЭКСПО 2017 – Болашақ энергиясы” халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында Қазақстан Республикасының Энергетика Министрлігі және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы бүгін Астанада электронды Күн ресурстары атласын ұсынды – atlassolar.kz

Қазақстанның күн ресурстары атласы - бұл бірегей интерактивті Ғаламтор ресурсы, аталмыш ресурс елімізде күн қуатын пайдалану және енгізу идеяларын жүзеге асыру үшін еркін қолжетімділік тәртібінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Атласта Қазақстанның күн ресурстарының кеңістікте таралуы бойынша мәліметтер сақталып, оларға еркін қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Атластың бастапқы мәліметтері халықаралық климат дерекқорларының жиынтығы жаңартылған сайын өзектілендіріліп отырады. Атлас, сондай-ақ, пайдаланушыларға күн электр станцияларын (фотогальваникалық станцияларды) орнату туралы басқарушылық шешімдерді қабылдау негізділігін арттыру үшін талдау және есеп-қисап жүргізу құралдарын ұсынатын болады. Атлас Қазақстанның күн ресурстарының кеңістікте таралуы бойынша мәліметтерді елдің түрлі аймақтарында күн қуатын пайдалануды дамытуға қатысты тиімді шешімдер қабылдау үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

“Дүниежүзілік күн энергетикасының қуаты жылына орта есеппен 50%-ға өсіп отырады. Күн энергетикасының үлесі әлі айтарлықтай үлкен болмаған күнде де, дәл осы күн көзі жуық арада жер бетіндегі басты қуат көзіне айналады. Бұл қуат көзінің тартымдылығы қорының сарқылмауымен, әлемдік қуат тасымалдаушылар нарығындағы бағаға қатысты ахуалға тәуелсіздігімен, экологиялық және техникалық тұрғыдан қауіпсіздігімен түсіндіріледі. Күн қуатын пайдалану кезінде атмосфераға жылыжай әсерін тудыратын газдар мүлдем шығарылмайды, демек, климаттың өзгеруін тоқтатуға мүмкіндік туады”, - деп атап өтті таныстырылымда ҚР-дағы БҰҰДБ тұрақты даму және урбанизация департаментінің жетекшісі Рассул Рахимов.

Атлас күн энергетикасы саласына инвесторлар тартуға арналған құралдардың бірі болатыны хақ. Атлас аумақтарды энергиямен қамсыздандыру станцияларын және жүйелерін жобалайтын энергия шығарушы мекемелердің, сонымен қатар, фотоэлектрлі станцияларды және күн қуатымен су жылытатын құрылғыларды сатумен және орнатумен айналысатын компаниялардың негізгі техникалық құралына айналуы тиіс. Атлас күн құрылғыларын пайдаланушыларға, ғылыми ұйымдарға, магистранттарға және студенттерге, сонымен қатар, күн қуатын пайдаланатын түпкі тұтынушыларға әкелер пайдасы мол.

Уақыт өте келе бүкіл әлемдегі атластардың бастапқы атқарымдық аясы едәуір кеңейді. Бастапқы мәліметтерді жинаумен және өңдеумен, соның ішінде, атластарға арналған мәліметтер жинақтарын үлгілеумен, олармен жұмыс жасауға арналған қосымшаларды әзірлеумен және дамытумен мамандандырылған ұйымдар айналысады, атап айтқанда, АҚШ-тың Энергетика департаментінің “Ұлттық жаңғыртылмалы қуат көздері зертханасы” (NREL), Жаңғыртылмалы қуат көздері жөніндегі халықаралық агенттік (IRENA), ММУ “География” факультетінің жаңғыртылмалы қуат көздері зертханасы, Германияның Аэроғарыш орталығы (DLR) және т.б.

Күн атласын қазақстандық «Sapa Pro&Tech» компаниясы әзірледі, аталған компания ғылыми қызметкерлерден, жерсеріктік метрология мамандарынан, энергетика саласының практик мамандарынан және Географиялық ақпараттық жүйе (ГАЖ) мамандарынан және веб-бағдарламаны әзірлеушілерден тұрады.

Атлас ҚР Энергетика министрлігінің және БҰҰДБ ұйымының “Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруда және “Жасыл көпір” серіктестік бағдарламасын институттандыруда қолдау көрсету” жобасының шеңберінде жасалды. Жоба мақсаты - Қазақстанға “Жасыл экономикаға” көшу тұжырымдамасын іс жүзінде іске асыруға күн энергетикасын, орнықты балық шаруашылығын және суда өмір сүретін тіршілік иелері әлемін дамыту үшін заңнамалық негіздерді, техникалық мүмкіндіктерді қалыптастыруға қолдау көрсету арқылы, сонымен бірге, “Жасыл Көпір” Серіктестік Бағдарламасына қолдау көрсету және оны дамыту арқылы қолғабыс ету.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жасыл экономика және климаттың өзгеруі мәселелеріне қатысты бірқатар жобаларды жүзеге асырады. БҰҰДБ Қазақстанның көп жылғы серіктесі бола отырып, өзінің елдік бағдарламасында “жасыл” экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауды және орнықты энергетиканы жетілдіруге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырады.

 

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс мәліметтері:

БҰҰДБ Биоалуандылықты сақтау жобасының баспасөз қызметі

Тел.: +7 (7172) 75 67 97, +7 701 9430690, undpbiodiversity@gmail.com

Султан Худайбергенов