Қазақстандық және халықаралық ұйымдар академиялық қоғамдастық көрсетіп отырған қолдау контексінде Орнықты даму мақсаттарын іске асыру жолдарын талқылады

Mon Nov 21 00:00:00 EST 2016

21 қараша 2016, Астана қаласы – Назарбаев Университетінде «Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мақсатында саясат әзірлеу және зерттеулер жүргізу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл - Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) туралы хабардарлықты арттыруға, елдердің осы мақсаттарды өз мұқтаждықтарына қарай бейімдеуіне көмектесуге арналған іс-шаралар серияларының бірі болып табылады. Кездесуді Астана қаласында Назарбаев Университеті, БҰҰ Даму бағдарламасы, Ұлттық талдау орталығы және Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы ұйымдастырды.  

Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы қыркүйекте барлық БҰҰ-ға қатысушы елдер 2030 жылғы дейінгі Орнықты даму жөніндегі күн тәртібінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қабылдады. Бұл 17 мақсат қайыршылықты жоюға, ғаламшардың ресурстарын сақтауға, барша адамзат баласы үшін теңдік пен игілікті қамтамасыз етуге бағытталған. 17 мақсаттың әрқайсысы 15 жыл ішінде барлық елдермен тығыз бірлікте қол жеткізілуі тиіс бірқатар көрсеткіштерден тұрады.

Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін үкіметтердің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық қоғамның бірлескен күш-қимылы қажет. Жалпыны тегіс қамтитын әрі өзара бір-бірімен тығыз байланысты 17 мақсаттың барлығына бірдей қол жеткізу үшін нәтижеге бағытталған біртұтас жүйелі ұстаным қажет болғандықтан, зерттеу институттары мен академиялық қоғамдастықтың белсенді түрде қатысуы, тұтастай алғанда, ОДМ-ды іске асыру жөніндегі жұмыстардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

ОДМ-ға қатысты негізделген әрі маңызды шешімдер қабылдау мақсатында берік негізді қамтамасыз етуде Қазақстан контексінде түрлі ОДМ арасындағы тиісті даму идеяларын әзірлеу мен өзара байланыс ұғымын кеңейтуге қолдау көрсету үшін талдау орталықтары мен зерттеу институттары қажетті әлеуетке ие.

«Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарын іске асыру сонымен қатар Ұлттық талдау орталығының, Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат мектебі мен Гуманитарлық және әлеуметтік пәндер мектебінің де зерттеу мүдделеріне жатады. Дөңгелек үстел орнықты даму, талдау мәселелері бойынша жан-жақты идеялар, тәжірибе және білім, сондай-ақ аталған тақырып бойынша туындайтын мәселелерді шешуге балама ұстанымдар алмасу үшін керемет таптырмас мүмкіндік болып табылады», - деп атап өтті  Назарбаев Университеті Жоғары Мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй және «Ұлттық талдау орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Ақтоты Айтжанова.

БҰҰДБ елу жылдан бері адамзатты дамытудың алдыңғы шебінде келеді. Даму бағдарламасының 170-тен астам елден жинақтаған тәжірибесі мен қажетті білімі бар. БҰҰДБ бүкіл дүние жүзі бойынша үкіметтерге жергілікті және жаһандық тәуекелдерді анықтап, оларға сай келетін шешімдерді табуға көмектесе, сонымен қатар елдердің ОДМ-ды ұлттық бағдарламаларға бейімдеу мәселелері бойынша кеңес бере отырып, олардың танылған, мойындалған серіктесі болып табылады.

«Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ілгері жылжытуда белсенді көзқарас ұстанады. Ел жасыл экономикаға көшуге, мемлекеттік қызметті реформалауды ынталандыруға, түрлі мәселелер бойынша өңірлік бастамашы ретінде өзінің ұстанымдарын әрі қарай нығайтуға дайын екенін көрсетуде. Шын мәнінде, Қазақстанның ұлттық басымдықтарының, ОДМ-нің және БҰҰДБ міндеттерінің өзара байланыстылығы - бұлардың үшеуінің бірін-бірі өзара толықтыруында. Ғылыми мекемелермен және басқа серіктестеріміздің әр алуан топтарымен жұмыс жасай отырып, біз Қазақстанда және одан тыс жерлерде ОДМ-ге қол жеткізу үшін сапаға, тұрақтылыққа, инклюзивтілікке көңіл бөле отырып, жалпыны тегіс қамтитын деңгейде осы уақытқа дейін қандай істердің атқарылғаны, қандай салалардың қолдауға зәру екені туралы толық мәлімет ала аламыз», - деді ҚР-дағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура.

Қазақстан мен БҰҰ Даму Бағдарламасы бастамасымен Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб құрылған. Хаб қазіргі кезде Қазақстан мен оның серіктестеріне мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін ғылыми зерттеулер мен инновациялардың локомотивіне айналды. 

«ОДМ-ға қол жеткізу тікелей мемлекеттік қызметтің сапасына байланысты, сондықтан Астана өңірлік хабы үкіметтердің адами институционалдық әлеуетін арттыру бойынша күш-жігеріне қолдау көрсетеді және «тең-теңімен» форматындағы ынтымақтастықты ілгері жылжытады. Осыған байланысты Хаб қызметінде ОДМ-ды, әсіресе, 16 және 17 мақсаттарды алға жылжытуға баса назар аударады- деді Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы аппаратының жетекшісі  Ернар Жаркешов.

Өткен дөңгелек үстел ұлттық және өңірлік деңгейлерде ОДМ-ға қол жеткізу үдерісінің зияткерлік негізі ретінде қолдау көрсету үшін ғылыми ортаның, сараптама қоғамдастығының және азаматтық қоғамның әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік берді.

Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі: +7 7172 706091 и 709357 pressa@nu.edu.kz

БҰҰ Даму бағдарламасының баспасөз қызметі: +7 7172 696 544 (ішкі 2124)  e-mail: dina.teltayeva@undp.org