Астана хабы мемлекеттік қызмет саласындағы бірегей еңбек ұсынды

Thu Sep 29 00:00:00 EDT 2016

Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірік хаб пен БҰҰ Даму бағдарламасының Сингапурдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру Ғаламдық орталығы «Мемлекеттік қызмет дамуындағы жаһандық және аймақтық трендтер» атты кең көлемді зерттеуді аяқтады. Хабтың басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов пен Ғаламдық орталық директоры Макс Эверест-Филлипс зерттеудің тұсау кесерін өткізді.

Бұл зерттеу - мемлекеттік басқару саласындағы жетекші халықаралық ғалымдар мен практиктердің теориялық негіздемелері мен қолданбалы тәжірибелерін тоғыстыратын бірегей, теңдессіз жұмыс. Сарапшылар мұндай шолудың алғаш рет жасалғанын атап өтті,  бұған дейін мемлекеттік қызмет дамуындағы жаһандық және өңірлік трендтерді зерттеу бойынша әлемде дәл осындай ауқымды жұмыс болмаған. Бұл зерттеу әлемнің әр аймақтарының ғалымдары мен практиктерін біріктіретін Хабтың кең институционалды және сарапшылар желісі құрылғаны арқасында жүзеге асты. Еңбектің авторлар ұжымы әлемге танымал, жетекші сарапшылардан тұрады.

Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ, ТМД елдері мемлекеттік қызметінің дамуы мен реформалануының соңғы жиырма жылдағы негізгі үрдістері осы еңбекте көрініс тапқан.

Алихан Байменов өз сөзінде мемлекеттік қызмет дамуының бірқатар жаһандық және өңірлік сипаттағы үрдістерін атап өтті. Оның ішінде:

бірінші – мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, қызмет бабында жоғарылату жүйелерінде модельдердің бір-біріне өзара әсер етуі байқалады; бұл мемлекеттік қызметте таза мансаптық немесе позициялық модель іс жүзінде қалған жоқтығын көрсетеді; әрқайсысының ең озық жақтарын қолдану арқылы осы модельдер бойынша конвергенция үдерісі өтуде. Бұл мемлекеттік басқарудың доктриналық негіздеріне де тән.

екінші – мемлекеттік қызмет тиімділігі адам ресурстарының сапасына байланысты екендігі әлемге мәлім болғандықтан, адам ресурстарын басқару сапасына ерекше назар аударылуда. Нәтижесінде іріктеу мен қызмет бабында жоғарылатуда ашықтық пен тазалыққа, мемлекеттік қызметтегі этика мен адалдыққа айрықша назар сала отырып, ұмтылыс байқалады.

үшінші – мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік органдар жұмысын бағалауда үдерістер пен рәсімдерге екпін салудан гөрі нәтижелік пен мақсатты индикаторларға қол жеткізуге баса назар аударылуда. Бұл мемлекеттік органдарда менеджмент сапасын жақсарту, жоба менеджментін енгізу, жұмыс тиімділігін бағалау жүйесін жетілдіру арқылы көрініс табуда.

Макс Эверест-Филлипс шолуға сілтеме жасай отырып, мемлекеттік басқару саласындағы өзгерістер барлық дерлік елдерде біртіндеп орын алып отырғанын атап өтті. Мұның себебі үш бағыттағы өзгерістерге байланысты: бірінші - реформалардың тұжырымдамалық идеялары; екінші - қаржы дағдарысы, білімді халық санының артуы, жаһанданудың жоғары қарқыны мен жаңа ақпараттық технологияларға байланысты өсіп келе жатқан қоғамдық қажеттіліктер; үшінші - жаңа тәсілдер арқылы адам ресурстарын басқару саласындағы тәжірибелер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді монетарлық емес жолмен ынталандыру.

Спикерлер бұл зерттеу Қазақстанның, Хабтың қатысушы-елдері және одан тысқары елдерде мемлекеттік қызметті реформалаумен айналысатын практиктер, осы саладағы ғалымдар мен сарапшылар үшін пайдалы әрі бірегей дереккөз деп есептейді. Кеңірек мағынада алғанда, бұл жұмыс реформалардың әлеуетін арттыруда аймақтағы мемлекеттер үкіметтерінің талпыныстарын қолдай отырып, мемлекеттік қызмет тиімділігін жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ сол мемлекеттер азаматтары да осы еңбектен әлем елдеріндегі мемлекеттік қызмет дамуының негізгі бағыттары туралы ақпарат алып, тиісті талап қоюға мүмкіншілік алады.

Сонымен қатар Макс Эверест-Филлипс Сингапур орталығы мен Астана хабы арасындағы  ынтымақтастықтың тиімділігін айта отырып, мемлекеттік қызмет саласында белсенділік, елгезектік пен инновацияға баса көңіл аудару арқылы ойлау мен құндылықтар трансформациясы саласындағы бірлескен жұмыс маңыздылығын атап өтті.

Спикерлер екі орталық арасындағы ынтымақтастықтың, әсіресе мемлекеттік қызметтегі стратегиялық форсайт құралдарын пайдалана отырып, «Сенімді болашақ бойынша бастамалар» (Empowered Futures Initiative) шеңберінде даушы елдердің 2030-шы жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне қолдау көрсету бойынша зор әлеуеті бар екенін айтты. Қазір Астана хабы пен Сингапур орталығы Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің мотивация факторлары бойынша да бірлескен зерттеу жасауда.

Қазақстан Үкіметі және БҰҰ Даму Бағдарламасы бастамасымен, 25 ел және 5 халықаралық ұйым қатысуымен 2013 жылы құрылған Астана хабы Сингапур орталығы секілді мемлекеттік қызмет саласындағы білім мен тәжірибе алмасудың мойындалған халықаралық орталықтарының біріне айналды. Қазіргі уақытта, қатысушы-елдердің саны 34 ел мен 5 халықаралық ұйымға жетті.

Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясы жоғарғы деңгейдегі Комитеті 19-шы сессиясында Астана Хабына жоғары баға бере отырып, Хаб моделін көп жақты ынтымақтасуды дамытудың үлгісі ретінде тарату бойынша шешім қабылдады. 2014 жылы Хаб БҰҰ Басқармасының Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастық бойынша сыйлығымен марапатталған.

 

Қосымша ақпаратты Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың баспасөз қызметінен мына телефон арқылы алуға болады: +77172 69-65-44 (ішкі 2507), + 77013436376, www.regionalhub.org, e-mail:aizhan.koshkenova@undp.org